Петропавлдағы бірнеше мектептің оқушылары кинологиялық орталықта болды. Шараға 40-қа жуық ұл-қыз қатысты. Күнделікті өмірде қызметтік иттерді көре бермейтін балғындарға бәрі қызық. Олар төртаяқтылардың жұмысымен танысып, кейін олармен суретке түсті. Кинологиялық орталыққа келгендердің бірі – Агнесса Захарова. Ол қауіпті заттарды іздеген, күдіктінің соңына түскен қызметтік иттерге сүйсіне де, таңырқай да қарады.
АГНЕССА ЗАХАРОВА, №1-ші қалалық гимназияның 4-сынып оқушысы:
— Қызметтік иттерді бірінші рет көріп тұрмын. Маған қатты ұнады. Алдағы уақытта орталыққа жиі келгім келеді.
Мұндай танымдық шара орталықта апта сайын ұйымдастырылып тұрады. Айта кету керек, жыл басынан бері арнайы дайындықтағы иттер 200-ге жуық қылмыстың бетін ашуға көмектескен.
САМАТ ТӨЛЕБАЕВ, СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының бастығы:
— Қызметтік иттер бізге талай қылмыстың бетін ашуға көмектесті. Балақайларға ұнады деп ойлаймын.
Мұнда иісшіл және күдіктіге азу батыратын иттің түр-түрі бар. Олардың жалпы саны 30-ға жуықтайды.
Ақтолқын Солтанханқызы