ТЖД қызметкерлері Смағұл Сәдуақасов атындағы №2 орта мектебінде оқу-жаттығу жиынын өткізді. Бұл жолғы шара ерекше болды. Әдеттегідей дабыл қағылып, нысаннан өрт шыққан жоқ. Білім ұясындағы эвакопункттің жағдайы тексерілді. Төтеншеліктер алдын ала әзірленген бағдарлама бойынша көмекке мұқтаж адамдарды қабылдады.
РИЗАБЕК ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:
— Ең алдымен БАҚ өкілдері арқылы аталған мектепте эвакопункт бар екенін көрсеткіміз келді. Өңірімізде су тасқыны болған кезде зардап шеккен жандар осы жерді паналаған болатын.
Эвакопункт қызметкерлері кезек-кезек зардап шеккен адамдарды қабылдауда. Төтеншеліктер ең алдымен оларға тұру ережесін түсіндіріп өтті. Мұнда керектінің бәрі бар. Тұрғындар 3 мезгіл тамақтандырылады. Медициналық көмек те қарыстырылған. Тіпті, ана мен балаға арналған бөлме бар. Бір сөзбен айтқанда, жерлестеріміз қай жағынан болмасын таршылық көрмейді.
АНТОНИНА САЧКОВА, Смағұл Сәдуақасов атындағы №2 орта мектебінің директоры:
— Былтырғы су тасқыны кезінде зардап шеккен 40-қа жуық адам білім ұясындағы эвакопунктті паналады. Біз оларға 1 ай бойы қолдан келгенше көмектестік. Күн-түн демей жандарында болдық. Керек заттарын әкеліп отырдық. Қандай жағдай болмасын біз облысымызға көмектесуге әзірміз. Бұл – біздің міндетіміз деп санаймын.
Айта кету керек, Петропавлда барлығы 19 эвакопункт бар.
Нұрасыл Ахмет