Петропавлда ҚР Полициясы күніне орай салтанатты жиын өтті. Бұл айтулы дата елімізде 2007 жылдан бері аталып өтіледі. Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Өңір жетекшісі ең алдымен С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының бірінші қабатында қанат жайған көрмемен танысты. Бұл жерде облыстық ПД-нің жеткен жетістіктері, қызметте қаза тапқан қаһарман тәртіп сақшыларының суреттері көрсетілген. Ал мына бір бөлігінде шенділердің, жедел жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қолданатын қару-жарақтары мен құралдары қаз-қатар тізіліп тұр.
Тәулігіне 24 сағат олар қоғамдық тәртіпті күзетеді. Тыныштықты сақтайды. Тәртіп сақшыларын бейбіт күннің батырлары десек қателеспейміз. Шенділердің еңбегін облыс әкімі Ғауез Торсанұлы да жоғары бағалады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Полицияда қызмет ету аса жауапты әрі қауіпті. Сонымен қатар, игілікті іс. Мемлекетте тұрақтылықты сақтауға қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін.
Мерекелік шарада қызметтік міндеттерін адал атқарып, жұмыста жоғары жетістіктерге қол жеткізген бірқатар азамат марапатталды. Олардың қатарында қалалық ПБ бастығының орынбасары Қайырбек Баймөнкенов те бар. Оған бүгін мерзімінен бұрын подполковник шені берілді.
ҚАЙЫРБЕК БАЙМӨНКЕНОВ, қалалық ПБ бастығының орынбасары:
— Полицей болу – бала күнгі арманым. Аталған салада 13 жылдан бері қызмет етіп келемін. Барша әріптестерімді мерекемен шын жүректен құттықтаймын.
Басқосуда шенділердің ата-аналары, көпбалалы жанұялар мен ардагерлер марапатталды. Солардың ішінде Шәйіновтер отбасы бар. Шал ақын аудандық полиция бөлімінің аға учаскелік инспекторы Ерболат Шәйінов жұбайымен бірге кәмелетке толмаған 6 бала тәрбиелеп отыр. Тәртіп сақшысы ұл-қыздары өзінің жолын қуғанын қалайды.
ЕРБОЛАТ ШӘЙІНОВ, Шал ақын аудандық ПБ аға учаскелік инспекторы:
— Полицияда еңбек етіп жүргеніме 15 жыл болды. Осы салаға ағамның жолын қуып келген болатынмын. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәртіп сақшысы ұлтына адал болуы тиіс. Адамгершілігі мол, әрдайым көмек көрсетуге міндетті болуы керек деп ойлаймын.
Басқосуда ел қорғандарына облыс әкімінің атынан 26 су жаңа автокөліктің кілті табысталды. Бұл темір тұлпарлардың қиындығы мол қызметте зор көмегі тиері сөзсіз.
Қазіргі таңда облыста 3 мыңға жуық полицей қызмет етеді. Бүгін оның 36-сы түрлі марапатқа ие болды. Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Нұрасыл Ахмет