СҚО әкімдігіҚоғам

Мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа жүйесі жұмыс істеуде

Енді жұмыс іздеген азаматтар өздері қалаған вакансияны EQyzmet порталы арқылы қарап, бақтарын сынап көре алады. Яғни, еңбек етуге ниетті жандар конкурстан өтеді. Оның өзі 3 кезеңнен тұрады. Осы іріктеудің барлығынан сүрінбей өтіп, қазіргі таңда мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүргендердің бірі – Алтын Жолдыбаева. Бойжеткен қабылдаудың жаңа жүйесі жайлы облыстық әкімдікке келгенде білген екен. Үйіне келе сала қашықтықтан өз бағын сынап көрген.

АЛТЫН ЖОЛДЫБАЕВА, СҚО әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы:

— Бос лауазымдарды қарап, өзіме ұнаған жұмысты таңдадым. Бірінші кезеңде тестілеуден өттік. 200-ден астам сұрақ болды. Онда өзіміздің бойымызда бағалайтын қасиеттер туралы сұрақтар болды. Екінші кезеңде – сандық және мәтіндік есептер, келесі сұхбаттасу болды.

Ал Сұлтанбек Доскан болса – жергілікті университет түлегі. Азамат “Қаржы” мамандығы бойынша білім алған. Оқуы аяқтала сала жұмыс іздей бастаған. Онлайн жүйе туралы EQyzmet сайтынан көрген. Бүгінде азамат ардагерлер мен мүгедек адамдарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну секторының бас маманы болып жұмыс істейді. Жас маман жаңа орынға үйрену оңай бола қоймағанын да айта кетті.

СҰЛТАНБЕК ДОСКАН, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі секторының бас маманы:

— Менің жұмысымның мақсаты – ардагерлер мен мүгедек адамдарға көмектесу, өтініштерін қабылдау кіреді. Әрине, жұмыстың оңайы болмайды. Басында келгенде маған қиын болатын, бірақ әріптестерім маған көмектесті.

Мемлекеттік жұмысқа орналасудың бұл тәсілін пайдаланудың нәтижесінде азаматтардың уақыты үнемделеді. Жалпы, өңірде аталған портал арқылы 500-ден астам адам мемлекеттік қызметке тұрған.

 

Ақтолқын Солтанханқызы