Ауыл шаруашылығы

Қаз өсірудің қыр-сыры түсіндірілді

Қаз өсіру – тиімді кәсіп. Құстың бұл түрі күй талғамайды. Жылдам жетіледі. Ортаға тез бейімделеді. Уақытылы қоректендіріп тұрса қара үзіп ешқайда кетпейді. Жұмыссыз жүрген жандарға таптырмас мүмкіндік деп айтуға болады. Қаз шаруашылығы өңірімізде жаңа-жаңа қарқын алып келеді. Бұл кәсіпті дамытуда “Ауыл” партиясы ауқымды жұмыс атқаруда. Соның бір дәлелі – партия өкілдері бүгін Солтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу институтында семинар өткізді. Шараға фермерлер, ветеринарлар мен тұрғындар қатысты.

ҚАЙРАТ ПІШЕНБАЕВ, “Ауыл” партиясы СҚОФ төрағасы:

— Қолға алып жатқан жобаларымыз жүзеге асуы үшін бар күшімізді саламыз. Біз былтыр ғана “Қаз хабы” жобасын іске қостық. Яғни, біз тұрғындарға балапан мен құрама жемді тегін береміз. Тиісінше, олар тапқан табысынан азғантай бөлігін бізге берсе болғаны. Игі бастама аясында бірнеше жерлесіміз айына 500 мың, тіпті, 1 млн теңгеге дейін табыс табуда.

Шараның басты мақсаты – ауыл тұрғындарына аталған құс түрін өсірудің технологиясын үйретіп, табыстарын арттыру. Қаз етінің пайдасы өте зор. Өнім сапалы ақуызға бай. Тиісінше, бұлшық еттердің беріктігін арттырады. Одан қалды, иммунитетті нығайтады.

АЛТЫНБЕК АБДУЛЛАЕВ, Солтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:

— Қазды тек құрама жем және су беріп қана асырауға болады. Балапандарды 1 ай бойы суға жібермеу қажет. Суық тиіп, қырылып қалуы мүмкін. Пайдасы жайлы айтсам, қаздың аталығының салмағы кемінде 7-8 келі болады. Келісін 1500-2000 теңгеден сатса қыруар қаржы табуға болады. Айта кетейін, егер қаз өсіріп пайда тапқыларыңыз келсе “Ауыл аманаты” жобасы аясында жеңілдетілген пайызбен несие ала аласыздар.

Қазіргі таңда елімізде 45 млн құс өсіріліп жатыр. Оның бір пайызын ғана қаздар құрайды.

Данаш Хамза, Нұрасыл Ахмет