Қоғам

«Цифрлық көмекші» чат-боты іске қосылды

Бұл – пилоттық жоба. Енді тұрғындарға құқықтық көмек алу үшін бейінді мекемеге барудың қажеті жоқ. Толғандырған сұрақтарын “сандық көмекшіге” жолдап, жылдам әрі нақты жауап ала алады.

ЕСТАЙ РАШҚАЛИЕВ, облыстық әділет департаментінің басшысы:

— ҚР Әділет министрлігінің adilet.gov.kz сайтында «Цифрлық көмекші» іске қосылды. Бұл жобаның негізгі мақтасы – тұрғындарға құқықтық көмек көрсету. Бұның негізгі жетістігі – қойылған сұраққа ҚР заңнамалары немесе нормативтік актілерінің сілтемесі көрсетіле отырып толық жауап беріледі.

Чат-боттың қызметін пайдалану үшін қандай да бір төлем жасаудың және тіркелудің қажеті жоқ. Жүйе пилоттық жоба ретінде осы айдың басынан бастау алыпты. Тиімділігін танытқан сыңайлы, енді цифрлық көмекшіні толықтай іске қосу жоспарлануда. Осы орайда тиісті жұмыстар қолға алынған дейді мамандар.

Мәселен, қазір аталған чат-ботты ілгерілету мақсатында ақпараттық-түсіндіру шаралары жүргізіліп жатыр. Өйткені, жуырда пайда болған жаңашылдық жайында азаматтар білмеуі мүмкін. Жалпы, әділет департаменті мамандарының көмегіне жүгінетіндер көп. Күніне кемінде 20 адам сұрағына жауап іздеп келеді.

ЕСТАЙ РАШҚАЛИЕВ, облыстық әділет департаментінің басшысы:

— Көбінесе атқару өндірісі бойынша, мәжбүрлеп орындату дейміз сол бойынша сұрақтармен келеді. Алимент, айыппұл өндіру мәселелерімен келіп жатады. Сонымен қоса, өзара жасалған қарыздарды өтеу бойынша жүгінеді.

Қазір елімізде тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға баса мән беріліп жатыр. Бұл – заман талабы. Заңды білген адам өзінің конституциялық құқығының тапталуына жол бермейді. Айта кеткен жөн, “цифрлық көмекші” тек Қазақстан Республикасының заңнамасына қатысты сұрақтарға жауап береді.

 

Ақтолқын Солтанханқызы