Білім

СҚО-дағы 5 мектеп елдегі үздік білім ұяларының қатарында

Өңірге жұмыс сапарымен Оқу-ағарту министрлігі жанындағы республикалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жұмажан Жүкенов келді. Ол ең алдымен барлық заманауи стандарттарға сай келетін Оқушылар сарайының тыныс-тіршілігімен танысты. Мейманға білім басқармасының өкілдері облыста балалардың білім деңгейін арттыруда қандай жобалар жүзеге асып жатқанын көрсетті. Содан соң Жұмажан Қамкенұлының қатысуымен алқалы жиын өтті. Басқосу барысында ол теріскейде аталған сала қарыштап дамып келе жатқанын атап өтті.

ЖҰМАЖАН ЖҮКЕНОВ, ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы республикалық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

— Таяуда ғана елімізде ең үздік 100 мектептің тізімі жарияланды. Оның ішінде 5 солтүстікқазақтандық білім ұясы бар. Бұның өзі зор жетістік деп санаймын.

Біреу білсе, біреу білмес 2023 жылы өңірде облыстық білім басқармасы жанында ардагерлер кеңесі құрылған болатын. Ұйымды ұлағатты, тәжірибелі ұстаз Жангелді Тәжин басқарады. Кеңес жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, азаматтық құндылықтарды дәріптеп келеді. Бәріне белгілі “Біртұтас тәрбие” жобасы да аға буын өкілдерінің қолдауының арқасында жүзеге асқан.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, СҚО білім басқармасы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жастар әлеуметтік желілерден бас алмайды. Ұлттық құндылықтарымыз, кодымыз ұмыт қалып бара жатыр. Аталған олқылықтардың орнын толтыру мақсатында облыс мектептерінде “Әжелер кеңесін” құрдық. Ақжаулықтылар балаларға түзу жол сілтеп, бағыт-бағдар беріп отырады.

Алқалы жиын барысында облыста ардагерлер қозғалысын дамыту, ұрпақтар сабақтастығын нығайту мәселелері талқыланды. Жастарға патриоттық тәрбие беру жайлы да айтылды. Сонымен қатар, аға буын өкілдерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша да мәселелер қозғалды. Шараға қатысқан мектеп директорлары спикердің айтқанын ұйып тыңдады. Баға жетпес ақылды білім ұяларында қолданатындарын жеткізді.

ДАНИЯР УӘЛИЕВ, Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

— “Ұрпақтар сабақтастығы” жобасы аясында ардагер ұстаздарды мектепке шақырамыз. Олар оқушыларымызға баға жетпес ақылын айтады. Түрлі ұмыт қалған нақыл сөздерді үйретеді.

Айта кету керек, Жұмажан Жүкенов түстен кейін Петропавлдағы бірнеше білім беру нысанын аралайды.

 

Данаш Хамза, Нұрасыл Ахмет