Мәдениет

Петропавлда “Мағжан оқулары” республикалық байқауы мәресіне жетті

Петропавлда “Мағжан оқулары” республикалық ғылыми-шығармашылық байқауы мәресіне жетті. Теріскейде сонау 2004 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан шараның күллі Алаш жұртты үшін маңызы зор. Ақиық ақын, атақты қайраткер – қазақтың біртуар ұлы, кейінгі толқын бой түзейтін тау тұлға. Танымдық әрі тағылымдық конкурс биыл да бірнеше аталымнан тұрды.

ЖҰЛДЫЗАЙ ИМАНБЕКОВА, «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының әдіскері:

— 3 аталым бойынша ұйымдастырылды. Ғылыми-зерттеу жұмыстары таныстырылды, ақындардың арнаулары тыңдалды және Мағжанның өлеңдері жатқа оқылды. Кеше қатысушылар Сарытомарда болды.

Жастарға жыр арнаған Мағжан Жұмабаев жайлы Қазақстанның түкпір-түкпірінде айтылады. Биылғы байқауға еліміздің 19 облысынан 55 қатысушы келген. Бұлар – өз аймақтарындағы іріктеуде топ жарған үздіктер.

Марапаттау рәсімінде жиналғандар үздіктердің үздігіне қол соқты. Қасиетті Абай облысынан келген Әмина Нағифоллаева “Өлең – менің шолпаным, айым, күнім” аталымында үшінші орын еншіледі. Ол марғасқа Мағжанның 145 туындысын жатқа біледі. Қанжығасы майланған бұрымды солтүстіктен ерекше әсер алыпты.

ӘМИНА НАҒИФОЛЛАЕВА, “Мағжан оқулары” республикалық ғылыми-шығармашылық байқауының жүлдегері, Абай облысы:

— Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Сасықкөлде болдық. Маған барлығы ұнады. Мағжан – романтик ақын. Өзіме жақын. Мен де әр нәрсені махаббатпен, нәзіктікпен сезінгенді жақсы көрем.

25-ші маусым – жарық жұлдыз Мағжан Жұмабаевтың туған күні. Ақынның Петропавлдағы ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухына тағзым етілді. Оған республикалық байқауда бақ сынаған ұл-қыздар да қатысты.

 

Байболат Құлтанов