Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев бұқараның базынасын тыңдады. Әдеттегідей кездесуге бірсыпыра адам келді. Басшымен бірінші болып Раушан Ережепова дидарласпақ. Азаматша екінші топтағы жолдасымен пәтер жалдап тұрады. Бұл қос зейнеткердің қалтасын қағып отыр.
РАУШАН ЕРЕЖЕПОВА, қала тұрғыны:
— Пәтер жалдап тұрамыз. Қымбат. Екеуміздің зейнетақымыз жетпейді. Уақытта тұратын үй сұрап келдік.
Серік Мұхамедиев арбаға таңылған жолдасымен келген нәзікжандының мәселесін мұқият тыңдады. Шешу жолдарын ұсынды.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
— Бізде қазір пәтер жоқ. Ертең таңғы 8-де маған келіңіз. Мәселені талқылайық.
Рауза Баударбекованы да баспана мәселесі алаңдатады. Кейуана қазір туыстарының да емес, таныстарының үйін паналауға мәжбүр. Баратын жері, басатын тауы жоқ. Оған қала әкімі жатақхана ұсынды.
Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің және өзге де жергілікті атқарушы билік өкілдерінің тұрғындармен кездесуі түс ауғанша жалғасты. Толғандырған базынамен жалпы 50-ден астам адам келді. Олардың басым бөлігін тұрғын үй және жер мәселесі алаңдатады.
Байболат Құлтанов