СҚО әкімдігіҚоғам

Өңірде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көшбасшы мектебі құрылды

Бүгін қаламызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көшбасшы мектебі ашылды. Бұл кездесу “Заң мен тәртіп” идеологиясын дамыту аясында ұйымдастырылып отыр. Жиынға өңірдің жас педагогтері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері және еріктілер қатысты. Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов аталған мектептің маңыздылығына тоқталды.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көшбасшы мектебі – біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастырудың көрсеткіші. Бұл тәжірибелік білім алуға, көшбасшылық дағдыларды дамытуға, командада жұмыс істеуді үйренуге, бастама көтеруге бірегей мүмкіндік береді. Сіздер ұсынатын жобалар біздің өңір мен жалпы қоғам үшін пайдалы болатынына сенімдімін.

Яғни, бүгін шарада айтылған идеялар – кейін болашақта нақты жүзеге асырылуы мүмкін жобалар. Осылайша қатысушылар тұрғындарға адал болуды үйретеді. Онымен қоса шарада сыбайлас жемқорлықпен ұсталған азаматтарға заң жүзінде қатал жаза қарастырылғаны туралы айтылды. Мамандар осындай себеппен ұсталғандарға қатысты 15 бап бойынша хаттама жазуға құқылы.

АЛМАТ МЫРЗАЛИЕВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

— Бұдан былай мемлекеттік саяси қызметшілер, оның ішінде министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен әкімдері, тікелей бағыныстылары сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда отставкаға кетеді.

Сонымен қоса, Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес, енді жұмыс беруші құқықтық статистика және арнайы есеп комитеттінің ақпараттық жүйелері немесе “электрондық үкімет” веб-порталы арқылы кандидатқа қатысты сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады ма, жоқ па – сол туралы мәліметтерді өзі талап етуге тиіс.

 

Ақтолқын Солтанханқызы