Қоғам

БАҚ өкілдері өрт сөндірушілердің жұмысымен танысты

Маусымның 28-і – БАҚ күні. Айтулы датаға орай бүгін Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тілшілерді шақырып, өздерінің жұмыстарымен таныстырды. Бұл – диспетчерлік бөлім. Сырттан түскен шұғыл қоңырау осы жерде қабылданады. Айтылған нәрсе қағазға түсіріледі.

Өрт сөндірушілер қоңырау түсісімен 1 минуттың ішінде әзір болуы керек. Осы тұста олардың физикалық дайындығы, тиісті құрал-жабдықпен қамтылуы және кадр санының жеткілікті болуы аса маңызды.

АСХАТ ЖАМБЫЛОВ, қалалық ТЖД №2 МСӨБ аға өрт сөндірушісі:

— Бүгінде бөлімде 58 маман қызмет етеді. Өрт сөндіруге кезекші топтар барады. Бұл – кемінде 14 адам. АЦ 6 маркілі автокөлікке 6 текше метр су сыяды, бірақ бұл көлем 5 минутқа ғана жетеді. Оқиға орнына мамандандырылған көліктер су толы күйінде шығады.

Су таусылып қалған жағдайда қосымша техника тартылады. Өрт сөндіру бөлімінде 3 негізгі және тағы осынша мамандандырылған көлік бар. Жалпы, жыл басынан бері өңірде 250-ге жуық өрт оқиғасы тіркелген, оның 50-ден астамы қалада болған. Салдарынан 17 адам қаза тауып, 16 адам жарақат алды.

АҚТОЛҚЫН СОЛТАНХАНҚЫЗЫ, тілші:

— Қазір біз альпинистік құралмен төмен түспекшіміз. Мамандар мұндай тәсілді көпқабатты үйден тұрғындарды құтқару кезінде қолданады.

Қатардағы альпинист мамандар үйде адам қамалып қалған жағдайда шығады, яғни биіктікке өрмелейді, ішке кіру үшін есік-терезені бұзады. Ішке кіру мүмкін болмаса қолға есік кесетін құралды алады.

Журналистерге арналған шара кедергілер жолағынан өту сайысымен аяқталды. Бұл жерде әріптестеріміз арнайы киім киіп, лаулап жатқан оттан өтіп, өрт сөндірушілердің жұмысының қауіпті және қиын екеніне көз жеткізді.

 

Ақтолқын Солтанханқызы