Денсаулық сақтауҚоғам

Әлеуметтік қызметтер порталы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тиімді ме?

2020 жылдан бастап “Egov.kz” сайтында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін “Әлеуметтік қызметтер” порталы жұмыс істейді. Оның басты артықшылығы – кембағал жандар керекті құрал-жабдықтарға үйден шықпай-ақ, электронды түрде тапсырыс бере алады. Дәлірек айтқанда, жүйе протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық және гигиеналық құралдар, арнайы арбалар мен шипажай қызметтерін ұсынады. Тиісінше, тұрғындар керекті дүниелерді өзі тұрып жатқан қала немесе аудандардағы дүкендерден ала алады. Қажет болса сауда орнының өкілдері үйге дейін жеткізіп береді. Арнамыздың түсірілім тобы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жабдық сататын компаниялардың біріне барып, жұмысымен танысты.

ТАРАС АЛЁШКИН, серіктестік директоры:

— Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дүниелерді шетелден тапсырыспен алдыртамыз. Біздегі құралдардың барлығы сапалы. Әрқайсысы тиісті тексерістен өтеді. Тез арада жеткіземіз. Басқа дүкендерге қарағанда арзан деп айта аламын. Сондықтан да тұтынушыларымыздың саны көп.

Бұрын мүмкіндігі шектеулі жандар өздеріне қажетті қызметті алу үшін мемлекеттік мекемелерде сағаттап кезекте тұратын. Бұл көмекке мұқтаж кембағал жандар үшін оңайға соқпайтын. Портал аталған олқылықтың орнын түбегейлі жойды. Көмек түріне тапсырыс беру қызмет алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады.

ТАРАС АЛЁШКИН, серіктестік директоры:

— Портал арқылы адамдар қажетті дүниелерді өндірушіні және жеткізушіні, яғни, біз сияқты компанияларды өздері таңдай алады. 2020 жылдан бері 20 мыңға жуық жерлесімізге қажетті дүниесін жеткізіп бердік. 6 айдың ішінде 2 мыңға жуық теріскейлік тапсырыс берді. Оның ішінде аудан тұрғындары да бар.

Жыл басынан бері портал арқылы 300 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі қазақстандыққа көмек көрсетілген. Оның 75 пайызы оңалтудың техникалық құралдары қызметін алған. 8 мыңға жуық адам – ымдау қызметіне, 24,4 мыңы – жеке көмекшінің, қалғаны санаторлық-курорттық қызметке жүгінген екен. Айта кету керек, бұл игі бастама “Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспары” шеңберінде жүзеге асты.

 

Нұрасыл Ахмет