Облыстық қоғамдық кеңес отырысында 2024 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы талқыланды. Мінберге бірнеше беттік баяндамамен қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант шықты. Қазынадағы қаражатты уақытылы әрі тиімді игеру – ел билігі жүктеген міндет. Бұл тапсырма теріскейде орындалды деп сеніммен айта аламыз. Аймақтар тізімінде өңіріміз көш басынан көрінді. Мысалы, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 20 млрд 700 млн теңгені құрады. Ақша құрылыс пен күрделі жөндеуге және материалдық-техникалық базаны нығайтуға жұмсалды.
НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:
— 5,4 млрд теңгеге 700-ден астам медициналық техника сатып алынды. 7 санитарлық автокөлік жеткізілді. Қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету мақсатында жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге 27 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Ауыл тұрғындарын алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қамту мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 38 медициналық нысан салынды, қажетті инфрақұрылым жүргізілді.
Білім саласына да миллиардтар бағытталды. Мемлекет қолдауының арқасында мектептер салынды, жөндеу жүргізіліп, материалдық база жаңарды. Мұндай жаңалық қуантпай қоймайды.
НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:
— Материалдық-техникалық базаны нығайту үшін қазынадан 5,4 млрд теңге бағытталды. Қаржының бір бөлігіне жиһаз бен спорттық жабдықтар сатып алынды. Жаңадан оқулықтар, пәндік кабинеттер мен асханаға керекті заттар жеткізілді. Су жаңа мектептер ашылды. Өткен жылы өңірдің дене шынықтыру саласына да қыруар қаражат бөлінді. Оң өзгерісті барлығымыз байқап отырмыз.
Қоғамдық кеңес мүшелері қоғамдағы оң өзгерістерді ғана емес, кемшіліктерді де байқайды. Отырыс барысында назар аударуды қажет ететін өткір тұстар сөз болды.
АНАТОЛИЙ БЕЛОНОГ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:
— Бізде жүздеген мемлекеттік коммуналдық шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын бар. Соларға 47 млн теңге ғана бөлінген екен. Бұл өте аз ғой. Бұл бағытта бірде-бір сараптама жұмысы жүргізілмейді. Мән беру қажет сияқты.
Бұл мәселе қаржы басқармасына қарамайды. Кеңес мүшесі көтерген проблеманы мемлекеттік сатып алу басқармасы реттеуі тиіс.
Қоғамдық кеңес мүшелері көтерген күрмеуі күрделі тағы бір мәселе – кезекте тұрған халықты баспанамен қамту. Проблема Петропавлда аса өзекті. Осыған байланысты билік жалдамалы үй салудың орнына сатып алуға көшкен. Бұл айтарлықтай тиімді көрінеді.
Байболат Құлтанов