“Заң және Тәртіп” апталығы аясында прокуратура қызметкерлері таңғы 9-дан бастап тұрғындарды қабылдады. Әр жанды толғандырған мәселе бар. Қала тұрғыны Шынар Тұрғынбаева жыл соңында зейнетке шығады. Нәзікжанды мамандардан еңбек демалысына шығу үшін қандай құжаттарды жинау қажеттігін білуге келіпті.
ШЫНАР ТҰРҒЫНБАЕВА, қала тұрғыны:
— Мамандар қойған сұрағыма толық жауап берді. Соның негізінде құжаттарды жинауды бастаймын. Прокуратура қызметкерлері менімен өте сыпайы сөйлесті.
Каринэ Кузнецова – Қозыбаев университетінің 3-курс студенті. Мамандығы – “Заңгер”. Бойжеткен оқуын тәмамдаған соң ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына түсуді жоспарлап отыр. Яғни, болашақта қадағалау органында жұмыс істегісі келеді. Ол мамандардан аталған оқу орны жайлы ақпар алуда.
КАРИНЭ КУЗНЕЦОВА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті:
— Мен Құқық қорғау органдары академиясында 5 ай оқып, сала өкілі атанатынымды білдім. Білім ордасына қабылдану үшін ең алдымен медициналық және психологиялық тексерістен өту керек екен. Бәрі дұрыс болса аталған оқу орнына барып, емтихан тапсырамын. Көкейімде жүрген сұрағыма тұшымды жауап алдым. Алғысым шексіз!
Қадағалау органы өкілдері прокуратура ғимаратында ғана емес, Қазақстан Конституциясы көшесі бойында жүрген тұрғындармен де тілдесті. Адам көп. Бірсыпыра тұрғын сұрақ қойды, қажетті ақпар алды.
АЛМАС АСАЙЫНОВ, СҚО прокуратурасы аппаратының аға прокуроры:
— Кеше 30-ға жуық адамға көмек көрсеттік. Тұрғындарды көбінесе жер және тұрғын-үй мәселесі алаңдатады.
Мамандар тұрғындарды күн ұзаққа қабылдайды. Айта кету керек, “Заң және Тәртіп” апталығы аясындағы шара облыстың барлық ауданында ұйымдастырылды.
Нұрасыл Ахмет