Осыдан тура 1 жыл бұрын облыста жантүршіктірерлік оқиға орын алды. Қызылжар ауданы Надежка ауылында бүтін бір отбасы тамақтан уланып, өрімдей 2 бала көз жұмды. Бүгін қайғылы оқиғаға кінәлі деп танылған медбикеге қатысты сот үкімі шықты. Оған зардап шеккен жандарға дұрыс медициналық көмек көрсетпегені үшін айып тағылған.
АЙДАРБЕК БЕКҚОЖИНОВ, СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
— Сот Айдана Бейсембаеваны Қылмыстық кодекстің 317-бабының 4-тармағы, яғни, “Абайсызда адамдардың жаппай улануына және абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан санитарлық ережелер мен гигиеналық нормаларды бұзу” бойынша кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейді. Одан қалды, 3 жыл бойы медициналық мекемелерде жұмыс істей алмайды.
Оқиға желісіне тоқталсақ, қайғылы оқиға орын алар алдында отбасы мүшелерінің барлығы пицца, шұжық және дүкен тұшпарасын жеп, газдалған сусын ішкен. Көп ұзамай жерлестеріміз ауырып қалған. Салдарынан 3 жасар бала анасының көзінше қайтыс болған. Ал келесі күні 6 жастағы қызы ажал құшқан. Қалғандары жансақтау бөлімшесіне түсіп, дәрігерлердің арқасында аман қалды. Зардап шегуші тарап үкіммен келіспейді. Марқұмдардың жақындары соттан бұдан да қатаң жаза сұрап отыр. Олар медбикені 5 жылға соттауды сұрайды.
ГАЛИНА КОВАЛЕНКО, Надежка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
— Әр адам өзінің істеген ісі үшін жауап беруі тиіс. Әрине, бұнымен балаларымды қайтара алмаймын. Бірақ, мен бұдан да қатаң үкім шыққанын қалаймын. Әділдік болуы керек. Медбике өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы қажет еді. Ол алғашқы медициналық көмекті дұрыс көрсеткенде бәрі басқаша болар ма еді.
Алдағы уақытта зардап шегуші тарап жазаны қатаңдату үшін тағы да сотқа жүгінбек. Қайғылы оқиғадан кейін тамақ сатып алынған дүкен тексерілген. Бірақ, сауда орнында санитарлық нормалардың бұзылу фактісі анықталмапты.
Нұрасыл Ахмет