Жолдағы «ақылды» бейнекамералардың пайдасы зор. Заманауи құрылғы орнатылған жерлерде ауыр зардаптары бар бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелмеген. Қазіргі таңда теріскейлік полицейлер бұл жүйелерді қала маңындағы жолдарға да енгізіп жатыр.
ҚАЙЫРЖАН ӘЛІМАНОВ, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының аға полиция инспекторы:
— Бүгінгі таңда облыста жолдағы ереженің бұзылын фото-видео арқылы тіркейтін 67 автоматты жүйе жұмыс істейді. Олар ЖКО орын алуы мүмкін учаскелерде орнатылған.
Қозғалыс қарқыны жоғары деп танылған Қызылжар ауданының шеткі аймақтарында 10 маусымнан бастап 5 жаңа құрылғы іске қосылды. Олар «Жезқазған-Петропавл» трассасындағы Бескөл мен Бәйтерек ауылдарының негізгі кіреберістерінде, «Астана-Петропавл» жолындағы «Altiro» дәмханасының маңында және «Челябі-Новосібір» бағытындағы Белое ауылының тұсында орнатылған. Өңір жолдарындағы апатты азайту қажет. Ағымдағы жылдың басынан бері аймақта 184 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соққы салдарынан 7 адам қаза тауып, 256 адам жарақат алған.