Петропавлда шаңғыроллер бойынша облыс чемпионаты өтуде. Оған облыстың бірнеше ауданынан желдей жүйрік жас спортшылар келді. Олар әртүрлі қашықтықта бақ сынайды. Сайыс оңай емес. Жоғары жылдамдықпен мәреге қарай зулайтын ұл-қыздар құлап қалмау қажет.
ЗЛАТА ЗАВГОРОДНЯЯ, жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:
— Алдағы уақытта осындай жарыстарға жиі қатысқым келеді. Сайыстарда көп бақ сынасаң, тәжірибең толады. Бұған дейін Павлодарда, Балқашта және Астанада өткен додаларға қатыстым. Оқу-жаттығу жиындарына шақырылдым. 2 жылда осындай жетістікке жеттім.
Мұндай біріншілікте жаттықтырушылар да түрлі сезімді бастан кешіреді. Олар шәкірттері үшін алаңдайды.
ВАЛЕРИЙ ДЕСЯТОВ, жаттықтырушы, Қызылжар ауданы:
— Кеше кросс бойынша жарыс өтті. Мен жаттықтыратын балалар Петропавл қаласы мен Аққайың ауданының командасынан кейін 3-ші орын иеленді. Көңіл толады. Кеше шәкіртерімнің бірі чемпион атанды. Әлі де дайындаламыз, мықты болып ораламыз.
Шаңғыроллер бойынша облыс чемпионаты – мықтылар іріктелетін жарыс. Бұл сайыста көзге түскендер ел көлеміндегі додаларда бақ сынайды.
Ақтолқын Солтанханқызы