Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов көлік бақылауы бойынша облыстық инспекцияның жаңа басшысын таныстырды. Бұл қызметке Нұрсұлтан Жамашов тағайындалды. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 70 миллиард теңгені құрап, 7,5 пайызға артқан.
ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО экономика басқармасының басшысы:
— Жалпы, облыс бойынша экономикалық өсім бар. Дегенмен, Петропавл қаласы, Айыртау, Ғабит Мүсірепов, Жамбыл, Уәлиханов аудандарында бір көрсеткіш бойынша өсім байқалмаған. Ал Мамлют және Ақжар аудандарында екі көрсеткіш орындалмаған. Біз бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша экономика өсімін 6 пайызға жеткізуіміз қажет.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Ірі қара мал басы 2,5 пайызға азайған. Ет өндірісі бойынша Ғ. Мүсірепов ауданында 7 пайызға төмендеу тіркелген. Қызылжар ауданында – 0,8 пайызға. Сүт өндіру көлемі Аққайың ауданында – 14,9, Ақжар ауданында – 11, Айыртау ауданында – 3,6, Шал ақын ауданында – 3,3 пайызға төмендеген. Жұмыртқа өндірісі бойынша да кейбір аудандарда көрсеткіш төмен.
Өңір басшысы экономикалық көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Жиын барысында өңірдің туристік әлеуетін дамыту мәселесі де талқыланды. Әр ауданның өзіне тән қасиетті және табиғи орындары бар. Мәселен, Есіл ауданында 540-тан астам көл орналасқан. Бұл балық аулау мен аңшылық туризмін дамытуға мүмкіндік береді. Ал Қызылжар ауданында қысқы, жағажайлық және демалыс күнгі турларды дамытуға әлеует бар.
ДАРХАН ӘМРИН, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:
— Шал ақын ауданында жағажай және балық аулау туризмін дамытуға әлеуеті бар Сергеев су қоймасы орналасқан. Яхтингті, дайвингті дамытуға, әуесқой балық аулау бойынша жарыстар өткізуге мүмкіндік бар. Мамлют ауданы көптеген көлдердің, соның ішінде емдік қасиеттері бар Минкесер көлі арқылы емдік және агротуризм саласында үлкен әлеуетке ие.
Өңірде жеке демалыс аймақтарын абаттандыру әлі де шешімін таппаған. Көптеген орындарда бағыттаушы көрсеткіштер, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен мангалға арналған арнайы аймақтар қарастырылмаған.
ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, СҚО бойынша туристік қауымдастықтың төрағасы:
— Тағы бір маңызды міндет – кәсіби гидтерді дайындау. Бүгінгі таңда облыста WFTGA стандарты бойынша оқытылған небәрі 5 экскурсия жүргізуші бар. Маусым кезінде туристер саны 100 мың адамға дейін жететінін ескерсек, бұл көрсеткіш жеткіліксіз. Туристік ағынды жоғалтпау үшін гидтерді даярлау жұмысын жалғастыру қажет.
Туристік қызметтердің сапасын арттыру үшін негізгі туристік маршруттар бойында тұрақты мобильді байланыс пен жол инфрақұрылымы мәселесін шешу қажет.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Сапалы демалысқа жағдай жасау мәселесі облыстың барлық аумағы үшін қала мен ауылды қоса алғанда өзекті болып отыр. Аудан әкімдеріне демалыс орындары мен өзге де инфрақұрылымды абаттандыру бойынша кәсіпкерлік субъектілерімен жұмысты жолға қою тапсырылды. Туризм саласында креативті көзқараспен жаңа бағыттар жасау қажет.
Қонақтарды тарту және туризмді дамыту мақсатында «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» атты III Халықаралық суретшілер симпозиумын өткізу жоспарланған. Өңір өміріндегі жарқын оқиғалардың бірі ретінде Петропавл қаласында «Мағжан орталығының» ашылуы мен халықаралық «Qyzyljar Music Fest» фестивалінің өткізілуі болады.