Мария Верховых 2023-ші жылы алғашқы жаттығу залын ашқан. Кейін тағы тағы бірнеше залдың таспасын қиыпты. Бизнесті кеңейту оңай емес. Ол үшін іскер жан “DAMU” қоры ұсынған “Үміт” бағдарламасына үміт артқан. Берешек бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін қаржы ұйымы субсидиялаған. Қаражатқа қажетті жабдықтар алыныпты, қазір кәсіпкердің қоластында 40 адам жұмыс істейді.
МАРИЯ ВЕРХОВЫХ, жеке кәсіпкер:
— Мен тұрғындарға ыңғайлы болу үшін қаланың әр ауданынан жаттығу залын ашуды көздедім. Осы орайда “DAMU” қоры көмек көрсетті. Кредит бойынша пайыздық мөлшерлеме 16,5 пайызды құрады. Соның 7,5 пайызын қор субсидиялады. Бұл үлкен көмек дегім келеді.
Ал Екатерина Корнеева – логопед-дефектолог. Нәзікжанды кезінде балалардың үйлеріне барып, көмек көрсеткен. Бертін келе арнайы студия ашыпты. Ол да “DAMU” қорының әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған жобаларына иек артты. Қазіргі таңда 100-ден астам балақайды қабылдайды.
ЕКАТЕРИНА КОРНЕЕВА, жеке кәсіпкер:
— Несие рәсімдеу кезінде пайыздық мөлшерлеме жағаны ұстатқаны жасырын емес. Маған “DAMU” қоры көмектесті. Сондай-ақ, ұйым кепілдік ұсынды. Осы нысанды сатып алдым, өз ісімді бастадым.
“Үміт”, “Өрлеу” және өзге де бағдарламалар бар. Былтыр қор ұсынған мүмкіндікті облыста 200-ге жуық азаматша пайдаланған.
АЙША ҚАБДЫРАХМАНОВА, “DAMU” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ жобаны қолдау жөніндегі менеджері:
— 2024 жылы қор 514 жобаға қолдау көрсетті. Оның 186-сы азаматшаларға тиесілі. Яғни, жалпы көрсеткіштің 36 пайызын әйелдер кәсіпкерлігі құрайды.
Өңір аумағындағы нәзікжандылардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығы, сауда және жүк тасымалдау саласында кәсіпкерлікпен айналысады екен.
Ақтолқын Солтанханқызы