Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Вячеслав Лукиных бой көрсетті. Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы талап-арыз жұмысының қорытындылары туралы баяндады.
ВЯЧЕСЛАВ ЛУКИНЫХ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:
— 2025 жылдың басынан бастап департамент өкілдері 6 азаматтық және әкімшілік сот ісіне қатысты. Басым бөлігі бойынша қорытынды жарияланды. 2 мәселе департаменттің пайдасына шешілді. 1 іс қанағаттандырылмады, 1 талап-арыз біздің бастамамыз негізінде кері қайтарылып алынды. Қазіргі таңда 2 іс сотта қаралуда.
Баяндамашынынң сөзінше, өңірдегі кейбір серіктестіктер тарифтерді бекіту туралы өтінішті белгіленген мерзімде департаментке ұсынбаған. Нәтижесінде қабылдаушы тарап облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінген. Туындаған бірнеше мәселе осылай шешіліпті. Ал кейбір жайт айыппұл салуға алып келген.
ВЯЧЕСЛАВ ЛУКИНЫХ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:
2025 жылдың басынан бері департамент табиғи монополиялар саласындағы заңнаманы бұзу фактілері бойынша 14 әкімшілік іс қозғады және қарады. Белгіленген мерзімде тарифтік сметаның орындалуы туралы есепті ұсынбағаны үшін «Булаев Су», «Диорит Компани»,«Дайындық» және «Тайынша-Астық» сынды серіктестіктерге айыппұл салынды. Мысалы, алғаш аталған ұйымға 1 179 600 теңге төлеу міндеттелді. Осындай мысалдар жетерлік. Кейбір кәсіпорындарға қатысты бірнеше әкімшілік іс қозғалды.
Қорытындылай кетсек, заңнама бұзған өңірдегі кәсіпорындарға департамент тарапынан жалпы 50 млн теңгеге жуық айыппұл салынған. Бүгінде берешектің негізгі бөлігі өндірілмеген. Мемлекеттік мемекеме өкілдері осыған байланысты атқарушы органдарға жүгініпті.
Байболат Құлтанов