Бірі жанжалқойдың қолынан, екіншісі пышақ жарақатынан, ал үшіншісі оқтан ажал құшқан. Олардың әрқайсысы адамдардың қауіпсіздігі жолында ажал құшты. Қазақстан полициясы күнін мерекелеу аясында облыстық департаментте шенділер қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан сақшыларды еске алды, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Батырлар үнемі есте болады. Олардың есімдері көшелерге беріледі, мемориалдық тақталар ашылады, мектептер мен колледждерде ерлік сабақтары өткізіледі.
ӘБІЛҒАЗЫ ҒАБДУЛЛИН, СҚО ПД бастығының орынбасары:
— Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ардагерлерімізді, ішкі істер органдарының қызметкерлерін Қазақстан полициясы күнімен құттықтаймын. Биылғы жылды ішкі істер министрі Құқық бұзушылықтың алдын алу жылы деп жариялады. Яғни, тұрғындарымыз заңның ала жібін аттамау бағытында жұмыс істеудеміз. Сондай-ақ, «Заң және тәртіп» қағидасын берік ұстанамыз. Осы тұрғыда да басымдықтарға мән береміз. Әріптестеріме мықты денсаулық, сәттілік, отбасылық амандық тілеймін.
Департамент қабырғасында жастар үшін ашық есік күні де ұйымдастырылды. Оқушылар жол-патрульдік, кинологиялық және криминалистикалық қызметтердің, жедел және мамандандырылған бөлімшелердің жұмысымен танысты. Шенділер заманауи техника мен қару-жарақты таныстырды: қызметтік автокөлік, пилотсыз ұшақтар, броньды кеудешелер, байланыс құралдары, қалқандар мен автоматтар. Қонақтарға ақпараттық буклеттер мен кәдесыйлар әзірленді. Ашық есік күніне келген ұл-қыздарға тәжірибеден өту және кейін жұмысқа орналасу кезінде басымдық беретін сертификаттар да табыс етілді.
Қылмыс орнын тексеру, айғақтарды жинау, ДНҚ немесе саусақ іздері бойынша жеке тұлғаны сәйкестендіру, хаттамалар мен сызбалар жасау – Яна Самарцеваның асқақ арманы. Жақында ол білім алуға аттанбақ.
ЯНА САМАРЦЕВА, Чистов орта мектебінің түлегі, Мағжан Жұмабаев ауданы:
— 11 сыныпты бітірдім. Қарағанды қаласындағы ІІМ Академиясына түсуді жоспарлап отырмын. Криминалист болғым келеді. Осы мамандық жайлы түсірілген фильмдер өте ұнайды. Бастапқыда медициналық бағытты таңдағым келді, уақыт өте мені құқық қорғау саласы көбірек қызықтыратынын түсіндім.
Жастар Жедел басқару орталығында да болды. Мұнда оқушылар мен талапкерлерге құқық бұзушылықтар қалай тіркелетіні, қала көшелеріндегі камералардың жұмысы және операторлар мен патрульдік экипаждар арасындағы байланыс көрсетілді. Білген маңызды, мұндағы полицейлер жүргізушілерді ғана бақыламайды.
Орталықта 420 камера бар. Операторлар бұзушылықтарды тіркейді және тиісті шаралар қабылдау үшін ақпаратты жауаптыларға береді.
Байболат Құлтанов