Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары әр тасы тарихтан сыр шертетін Семей өңіріне аттанды. Бұл – рухани сапар. 40-тан астам петропавлдық бала талай тұлғаның табаны тиген қасиетті мекенді көзбен көреді, жақынырақ танысады.
ЖОМАРТ ОМАРОВ, кәсіпкер:
— 25-ші маусым күні Семейге жетеміз. Онда 2 күн боламыз. Жидебайға, Бөріліге барамыз. Семей өңірі қарсы алуға дайындалып жатыр. Ол жерде қазақ даласындағы тұңғыш гимназия бар. Оқушылар сондаға жатақханаға жайғасады.
Оқушылардың шығысты бетке алуына бірден-бір себепші жан – Жомарт Омаров. Өңірдің рухани өміріне білек сыбана ат салысып жүрген кәсіпкер оқу жылы қарсаңында мектеп қабырғасында тағылымдық, танымдық шаралар ұйымдастыруды сұраған. Солардың жеңімпазын жазда ұлылар мекеніне апаратынын айтқан. Уәде орындалды. Жыл бойы Абайды таныған ұл-қыздар енді Абай өскен, Алаш арыстары ғұмыр кешкен мекенде болады.
ӘДІЛ НҰРЛАН, Химия-биология бағытындағы НЗМ оқушысы:
— Кішкентай балалардың суретке деген қызығушылығын арттыру үшін “Абай” деген тақырыпта постерлер жасалды. Ал біздер үшін фестиваль ұйымдастырылды. Онда Абайдың өмірін, бастан өткерген қиындықтарын сахнада көрсеттік.
Сонымен қатар, бас ақынның өлеңдерін жаттады, ғылыми жобалар әзірледі. Айта кету қажет, бұл сапар қазақтың мақтанышы, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналып отыр.
ЖОМАРТ ОМАРОВ, кәсіпкер:
— Біз Түркияға, Египедке демалысқа барамыз. Ал мынандай рухани сапарға мән бермейміз. Ақиқатты айту керек. Мектеп ұжымына алғыс айтамын.
Семейге жасалған сапар жаздың алғашқы айының 28-ші жұлдызында аяқталады. Жоспар бойынша Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары маусымның 30-ы күні Петропавлға оралады.
Байболат Құлтанов