Қоғам

Николай Соснин: “Еңбек етуден ешқашан жалықпау қажет”

Николай Сосниннің Петропавл ауыр машина жасау зауытында жұмыс істеп жүргеніне 30 жылдан асқан. Ол кәсіпорында темір ұстасы болып еңбек етеді. Яғни, дайын өнімнің сапасы осы азаматқа тікелей байланысты. Білікті маман қажетті бөлшектерді, бұрандалар мен өзге де дүниені оңай әзірлейді.

НИКОЛАЙ СОСНИН, Петропавл ауыр машина жасау зауытының темір ұстасы:

— 2019 жылы зейнетке шықтым. Бірақ, үйде отыра алмадым. Өзім әбден үйренген цехты сағындым. Сондықтан, қайта жұмысқа шықтым. Темір ұстасы болу оңай емес. Асқан ұқыптылықты, сабырлықты қажет етеді. Қателік жасасаң, саусақтан айырылып қалуың мүмкін.

Жауапкершілігі аса жоғары, адал, өз ісінің шебері Николай Николаевич – жас әріптестеріне үлгі. Ауыр жұмыстан қашпайтын еңбекқор жан бүгінгі дейін ондаған шәкірт тәрбиелеген.

НИКОЛАЙ СОСНИН, Петропавл ауыр машина жасау зауытының темір ұстасы:

— Жастарға айтарым, еңбек етуден ешқашан жалықпау қажет. Ынта керек. Қалғанын үйреніп алуға болады. Мені бұл жерде ұстап тұрған – ұжым мен жасалған жағдай. Басшылыққа ризамын. Қолымнан күш кеткенше дейін осы зауытта жұмыс істегім келеді.

Жасы 70-ке таяған темір ұстасын әріптестері ерекше сыйлайды. Одан ақыл сұрайды, қажет кезде көмек көрсетеді.

БАҒДАТ ЖАНЫМБЕТОВ, Петропавл ауыр машина жасау зауыты өндіріс бойынша бастығының орынбасары:

— Николай Соснинмен бірге ондаған жыл жұмыс істеймін. Жұмыстың қыр-сырын үйреткен азамат ретінде құрмет тұтамыз. Адамгершілігі мол. Ешқашан көңілімді қалдырмады. Өте ұқыпты жан. Мұндай білікті маманымыз тұрғанда зауыт өркендей береді деп ойлаймын.

Үлкен де, жас та білек біріктірген Петропавл ауыр машина жасау зауытында қазіргі таңда 400-ге жуық адам еңбек етеді.

 

Нұрасыл Ахмет