Өңірде 5 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Ерекше күтім мен арнайы білімді қажет ететін жеткіншектерді оқыту мәселесі құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен өткен жиында талқыланды.
ЕЛЕНА БАЛТИНА, Әдістемелік орталығының әдіскері:
— Облыста мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 6 мектеп-интернат, бір арнайы балабақша-мектеп-интернат жұмыс істеп тұр. 3 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 15 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мен бір аутизм орталығы бар.
Қаладағы жалғыз аутизм орталығы аталған дертке шалдыққан балалардың барлығын қамту үшін аздық етуде. Оған – кезектегі 200-ден астам ұл-қыз дәлел. Осыған байланысты алдағы уақытта Петропавлда тағы бір аутизм орталығын ашу жоспарланып отыр. Нысан №2 мектеп-интернатының ғимаратында орналасуы мүмкін.
Ғалия Баязитова – мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық, педагогикалық және физикалық тұрғыда ем-шара көрсететін орталық жетекшісі. Оның айтуынша емдеу шарасының тиімділігі маманның тәжірибелігіне тікелей байланысты.
ҒАЛИЯ БАЯЗИТОВА, орталық жетекшісі:
— Арнайы балалар үшін ерекше әдіс-тәсілдер қолданылады. Олар: дефектология жағынан, баланы түсіну, оны дамыту, сөйлеуін дамыту сияқты түрлері.
Жиында инклюзивті білім беретін педагогтердің жалақысын көтеру мәселесі қозғалды. Осы ретте тиісті ұсыныс жазылып, облыстық немесе республикалық деңгейде қарастыру көзделіп отыр.
Мәдина Қаби