Спорт

Петропавлда үздік велошабандоздар сынға түсті

Петропавлда олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың жүлдесіне арналған ашық республикалық веложарыс өтті. Жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған додаға солтүстікқазақстандық, қостанайлық, ақсулық және өзбекстандық спортшылар қатысты.

Веложарыс 6 күнге созылды. Соңғы сайыс – қала ішіндегі бәсеке. Мұнда әр спортшыға шапшаңдықтан бөлек қырағылық қабілет те қажет.

АЛЕКСАНДР САМУСЕНКО, велоспорттан СҚО құрамасының жаттықтырушысы:

— Бұл жарысқа солтүстікқазақстандық спортшылар тыңғылықты дайындалды. Арнайы оқу-жаттығу жиындарынан өтті. Әрқайсысы 6 адамнан тұратын 3 команда жасақтадық. Ал Өзбекстаннан 2 команда келді. Бірі ұлттық құрама спортшыларынан тұрады. 5 күн бойы тартысқа толы сайыс көрдік. Бүгін үздіктердің үздігі анықталады.

Қала ішіндегі жарыс 36 шақырымнан тұрды. Айналма тұстар көп. Өте қауіпті. Алайда, велошабандоздар сынақтан сүрінбей өтті.

КИРИЛЛ ПОЛЫШЕВ, велоспортшы, СҚО:

— Мен бүгін емес, велокөпкіндік аясында бір жарыста жеңіске жеттім. Мұндай сәтте өзімді бақытты сезінемін. Жаттықтырушым еске түседі. Себебі, бапкерлерімнің арқасында алдынғы қатардан көрініп жүрмін. Осы ашық республикалық жарыс алдында жаттықтырушым дөңгелек сыйлады. Сонымен бақ сынап едім, мәре сызығын бірінші болып кестім.

Жарыстың жалпы қорытындысына келейік. Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың жүлдесіне арналған ашық республикалық доданың жеңімпазы – өңіріміздің алғашқы командасы. Екінші сатығы теріскейлік жастардан тұратын екінші топ тұрақтады. Ал үшінші орын өзбекстандық жасөспірімдерге бұйырды.

ФАРРУХ РАДЖАРОВ, велоспорттан жаттықтырушы, Өзбекстан:

— Бұл жарысқа 8 спортшы әкелдік. Жарыс өте қызықты әрі тартысты өтті. Велоспортта қазақстандықтардың мысы басым. Оны жақсы білеміз. Біз көрші елде өтетін әр сайысқа қатысып, тәжірибе жинағымыз келеді. Балалардың бір-бірін танығаны дұрыс. Арада достық қарым-қатынас орнаса, үнемі сыйласып жүреді.

Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлерін Александр Винокуровтың ұлы марапаттады. Ақшалай жүлде табысталды. Жақында Семейде велоспорттан Қазақстан чемпионаты өтеді. Ел біріншілігінде өңіріміздің намысын 6 жасөспірім қорғамақ.

 

Байболат Құлтанов