23 маусым күні мемлекеттік қызметшілер өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Бұл білікті мамандар – қоғам мен билікті байланыстыратын жандар. Бүгінде аймақта осы салада 3800-ден астам адам еңбек етеді. Атаулы датада облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев бір топ әріптесімен қауышып, Ғауез Нұрмұхамбетовтың атынан құттықтады.
РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:
— Құрметті әріптестер, сіздерді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің атынан мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің иықтарыңызға халыққа тікелей әсер етер мемлекеттік қызметтің ауыр жүгі түсіп отыр. Міндетті ұйымдасқан түрде абыроймен атқарып келе жатырсыздар. Әрқайсысыңыз еліміздің Тәуелсіздігін нығайтуға үлес қосудасыздар. Бұл оңай шаруа емес.
Айтулы шарада облыстың дамуына зор үлесін қосып жүрген 70-ге жуық адам марапатталды. Алғашқылардың бірі болып құрметке бөленген шенеунік – Мамлют ауданының әкімі Елена Степаненко. Азаматшаға облыс әкімінің “Құрмет грамотасы” табысталды. Ол еңбек жолын осыдан тура 30 жыл бұрын бастапты. Осы аралықта бірнеше мекемеде бас маман болып жұмыс істеген, уақыт өте басшылық қызметке келген.
ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, Мамлют ауданының әкімі:
— Мемлекеттік қызметші болу – аянбай еңбек етіп, халықтың мүддесін қорғау. Өмірімнің тең жартысын осы салаға арнадым. Еш өкінбеймін. Әрине, әйел адам болғаннан кейін жұмысты да, үй шаруасын да қатар алып жүруге тырысамын. Ауданымды дамыту үшін барымды саламын. Жоспар ауқымды.
Бүгінде мемлекеттік қызметте білікті мамандармен қатар, жастар да аянбай еңбек етуде. Солардың бірі – Сұлтанбек Досқан. Азамат бұл салаға 1 жыл бұрын ғана келіпті. Сұлтанбек Дәулетұлы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бас маман болып қызмет етеді. Адалдықты ту еткен жерлесіміздің басты міндеті – мүгедектердің мүддесін қорғау.
СҰЛТАНБЕК ДОСҚАН, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы:
— Мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеу оңай емес. Күніне 15 адам келеді. Олардан қолымнан келген көмекті аямаймын.
Айта кету керек, елімізде айтулы мереке 2014 жылдан бастап ресми түрде аталып өтіледі. Шара соңында музыкалық құттықтау ұсынылды.
Нұрасыл Ахмет