Аптадағы маңызды жаңалықтарАуыл шаруашылығыҚоғамӨнеркәсіп

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Тайынша ауданында болды

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Тайынша ауданында болды. Аймақ басшысы Новоивановка ауылындағы шошқа кешенінің жұмысымен танысты. Бұл жерде 2018 жылдан бастап шошқаның түр-түрі өсіріледі және салқындатылған ет өндіріледі. Кәсіпорындағы төртаяқтының саны 100 мыңға жуықтаған. Бүгінде кешенді екі есе көп жануар сиятындай етіп кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс 97 пайызға аяқталды, жақында таспасы қиылмақ.

Құрылыс және монтаж жұмыстарына – 15 млрд, ал шошқа сатып алуға 1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция бағытталған. Мұндай ферма Қазақстанның бірде-бір аймағында жоқ. Енді мұнда ғылыми зерттеулермен айналысатын генетикалық орталық ашу жоспарланып отыр.

Тайынша қаласында ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі жобалар қаралды. Қазір бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде 14 мың халқы бар 6 ауылға тіршілік көзі жетеді. Бас мердігер – «АСКАДИ» серіктестігі. Негізгі жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.

Атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов есеп берді. Ол мердігерлік ұйымдар қателіктерге жол бергенін де айтты.

Облыс әкімі сумен қамту жоспарланған әрбір ауылдың мердігерлерімен және техникалық қадағалау мамандарымен әңгімелесті. Аймақ басшысы барлық жұмысты сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды.

Өңір басшысы Тайынша қаласының әлеуметтік тұрғыда маңызды жаңа нысандарын да аралады. Отбасын қолдау орталығында адамдар психологиялық, заңгерлік, әлеуметтік көмек алып, жұмысқа орналасу мәселелерін шеше алады. Мекеме үшін жаңа автокөлік сатып алынған.

Заманауи спорт кешенінің ашылуы – ауыл тұрғындары үшін маңызды оқиға. Ол жеке инвестициялар есебінен салынды. Шамамен 380 млн теңге бағытталды. Ересектер де, балалар да жаттығу залында күреспен және бокспен айналысатын болады. Әкім жас спортшылармен әңгімелесті.

Жобаны Ерік Балапанов бастаған «ҚазФудӨнім» холдингі іске асырды. Кәсіпкер мемлекет пен жеке сектор арасындағы тиімді байланыстың үлгісін көрсетіп отыр.

ЕРІК БАЛАПАНОВ, “ЕМС Agro” ЖШС құрылтайшысы, Тайынша ауданы:

— Кәсіппен айналысудағы басты мақсатымыз – адамдардың әл-ауқатын жақсарту. Халыққа көңіл бөлінбеген бизнес қажет емес. Біз мұнымен шектелмейміз. Міндетті түрде өңірдің спорттық, мәдени, қоғамдық өміріне мән беретін боламыз. Алдымызда үлкен жобалар тұр.

Әкімдік пен жеке сектордың ынтымақтастығы одан әрі жалғасады. Бұл өскелең ұрпақтың денсаулығы мен дамуына қосылатын елеулі үлес, деп атап өтті Ғауез Нұрмұхамбетов.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Мұндай залдар неғұрлым көп ашылса, соғұрлым біздің мемлекетіміз дамитын болады. Өйткені, бүгінде бізде өндірістік мәселелерден басқа, рухани өмір де бар. Чемпиондарымыз өсуі тиіс. Оларға қарап балалар бой түзейді. Көрікті, мықты болып өседі.

Жаңа бокс залына 20-ға жуық адам келеді. Жаттықтырушы Рүстем Зәкіров бала кезінен осы спорт түрімен айналысады.

РҮСТЕМ ЗӘКІРОВ, бокс жаттықтырушысы, Тайынша ауданы:

— Жарыстарға барамыз. Жаңа бокс залы ашылды. Бұл – жас спортшыларымыз үшін айтарлықтай оқиға. Залымыздың атын шығарамыз. Балаларды 9 жастан бастап қабылдаймыз. Үлкен де, кіші де қуанышты. Енді олар бос уақытты тиімді өткізе алады.

Сапар соңында аймақ басшысы «BioOperations» серіктестігінің бидай өңдеу зауыты алаңында инвесторлармен кездесті. Кездесу барысында ынтымақтастық пен өңірге инвестиция тарту мәселелері талқыланды.

 

Байболат Құлтанов