Спорт

Қызылжар ауданында ұлттық спорт түрлерінен фестиваль басталды

АҚТОЛҚЫН СОЛТАНХАНҚЫЗЫ, тілші:

— Солтүстік Қазақстан облысында ұлттық спорт түрлерінен спартакиада басталғалы тұр. Биыл дәстүрлі доданы Қызылжар ауданы қабылдап жатыр. “Ұлы дала рухы” атты фестивалге өңіріміздің түкпір-түкпірінен мықтылар келді.

Мына залда асықшылардың басы қосылған. Әр команда 3 адамнан тұрады. Мергендердің басты міндеті – қолдағы сақамен қаз-қатар тізілген асықтарды шеңбер сыртына шығару. Шалақындық жастар – бас жүлдеген үміткерлердің бірі. Олар жыл да жеңіс тұғырынан көрінеді.

ДӘРМЕН ДӘУРЕН, жарысқа қатысушы, Шал ақын ауданы:

— Мен жарыстарда асық атып жүргеніме шамамен 2 жылдан асты. Бала кезден ойнап жүрміз. Бұл спорт түрінен ауданаралық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға қатыстым.

Ал мына жақта қазақ күресінен сайыс болып жатыр. Қазір бозкілемде Темирязев пен Есіл ауданының жігіттері күш сынаспақ. Бақ сынайтын палуанның бірі – Дәурен Мәліков. Спортшының дайындығы аз болған сыңайлы. Ол қарасыласына есе жіберіп алды.

ДӘУРЕН МӘЛІКОВ, жарысқа қатысушы, Есіл ауданы:

— Күреске қатысып жүргеніме 5 жыл болды. Бүгінгі сайысқа 2 аптадай дайындалдым.

Тоғызқұмалақшылар мен бесасықшылар да мықтыны анықтауда. Барлығы мықты, осал жоқ. Жалпы, ұлттық спорт түрлерінен облыстық спартакиаға 8 команда қатысуда, қатысушы саны 280-ге жуықтайды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, дәстүрлі дода өскелең ұрпақтың бойында ұлттық болмыс қалыптастырады.

ЖАСҰЛАН ӘЛЖАНОВ, бас төреші:

— Бұл жарыстың атауы – “Ұлттық дала фестивалі”. Бұл – ұлтымыздың намысын көтеріп, ұлттық ойындарымызды өркендету үшін ұйымдастырылып отырған жақсы іс-шара. Бұл облыстарда ғана емес, аудандарда да өтеді.

Фестиваль ертең жалғасын таппақ. Спортшылар ендігі кезекте қол күресі мен арқан тартыста өзара мықты ауданды анықтайды.

 

Ақтолқын Солтанханқызы