Биыл СҚО-да 3700-ге жуық оқушы мектеп тәмамдады. Соның 120-дан астамы – “Алтын белгі” иегері. Озат түлектердің құрметіне Петропавлда салтанатты шара ұйымдастырылды. Мұнда жалынды жастарға алыстан көзге түсер төсбелгіні облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов табыстады. Түлектер сахнаға шықпас бұрын өңір жетекшісі ұл-қыздарға ақ жол тілеп, ұстаздар қауымына ерен еңбек үшін алғысын білдірді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Бүгінгі марапаттарыңыз – 11 жыл бойы алған білімнің жемісі. Мектеп бітіргелі жатқан әр түлек еліміздің дамуына зор үлесін қосады деп сенемін. Ақ жол!
Міне, ұл-қыздар мен ата-аналар үшін көптен күткен сәт те келіп жетті. Ғауез Торсанұлы озат түлектерге “Алтын белгі” төсбелгісін табыстады.
Облыс әкімінен алғашқылардың қатарында марапат алғандардың бірі – Диляра Амангелді. Бұрымды Шал ақын ауданынан келген. Ол болашақта ақ халатты абзал жан болғысы келеді. Сол себепті ҰБТ-да “Химия және биология” пәндерін таңдапты. Алғашқы сынақтан сүрінбей өтіп, 100 балл жинаған.
ДИЛЯРА АМАНГЕЛДІ, Академик Евней Бөкетов атындағы мектеп-гимназиясының түлегі, Шал ақын ауданы:
— Адамдарды емдеу – бала кезгі арманым. Бұл жетістікке ата-анам мен ұстаздарымның арқасында жеттім деп білемін.
Бүгінгі салтанатты шара түлектер үшін ғана емес, олардың ата-аналары мен жақындары үшін де көңіл толқытар сәт. Бұны орталық алаңға жиналған жандардың жүзінен байқауға болады. Айта кету керек, биыл өңірімізде “Алтын белгі” иегері атанған жастардың саны былтырғыдан басым. Өткен жылы облыста мұндай төсбелгі 84 түлекке табысталған.
Нұрасыл Ахмет