Петропавлда “Ауыл” партиясының 25 жылдығына орай “Студенттік жастар жасағы” жобасы өз жұмысын бастады. Шараға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл бастама еңбек адамына құрмет көрсетіп, кәсіби техникалық бағыттағы мамандықтардың маңызын арттыруға, жастарды практикалық кәсіпке баулуға бағытталған маңызды қадам.
Студенттік жасақтар педагогикалық, құрылыс, клининг және механизаторлық бағытта қызмет етпек. Мұндай науқан бүкіл ел көлемінде өтіп жатыр. Айта кеткен жөн, биыл жұмыс істеуге ынталы жастардың саны едәуір артқан.
ҚАЙРАТ АЙТУҒАНОВ, “Ауыл” партиясы төрағасының орынбасары:
— Ең үлкен жасақтардың бірінің бағыты – механизаторлық, яғни Ғ. Мүсірепов ауданында жұмыс істемек. Ал құрылыс пен клининг жасақтары қалада жұмыс істейді. Педагогикалық жасақ мектепте қызмет етпек.
ӘЛФАРАБИ МЫҢБАЙ, «Ауыл» партиясы СҚОФ жанындағы «Ауыл жастары» ЖҚ төрағасы:
— Олар 1-шілдеден бастап оқу жылының басталуына дейін қызмет етеді. Айлықтары орташа есеппен 150 мың теңгеден жоғары болады.
Данаш Хамза, Ақтолқын Солтанханқызы