“Жас маман-жаңа қадам”. Қызылжар ауданында мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында жас педагогтердің слеті өтті. Дәстүрге айналған шараға өңірдің түкпір-түкпірінен, аз уақыттың ішінде біліктілігімен танылған 50 ұстаз келген.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
— Педагогтердің мәртебесін көтеру – Мемлекет басшысының жіті назарында. Соңғы 3 жылда мұғалімдердің жалақысы 100 пайызға өсті. Жұмыстары да жеңілдетілді.
Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы. Болашақ ұрпақты білікті мамандар тәрбиелесе елімізде оң өзгерістер орын алатыны сөзсіз. Педагог рухани құндылыққа бай болуы қажет. Сол арқылы жастарды отансүйгіштікке, патриот болуға тәрбиелейді. Мұғалімнің жан дүниесі рухани тәлімге толы болса, шәкіртке құйған білімі де далаға кетпейді.
Бұл сөзбен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық академияның аға ғылыми қызметкері Меруерт Өмірәлиева толықтай келіседі. Ол еңбек жолын енді бастаған жастарды заман талабына сай ұстаз болуға, уақытты қалай үнемдеуге болатындығы жайында үйретіп жатыр.
МЕРУЕРТ ӨМІРӘЛИЕВА, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық академияның аға ғылыми қызметкері, Астана қаласы:
— Жас мамандарға толып жатқан техникалардың ішінде дұрысын таңдауға көмектесемін. Бұл – біздің жұмыста ең маңызды факторлардың бірі. Жас маман толағай табысқа жетуі үшін әрқашан ізденісте болуы қажет.
Шараға елімізге танымал 10-нан астам спикер келді. Жиналған жас мамандар төртке бөлініп әр білікті маманның дәрісін ұйып тыңдады. Ғ. Мүсірепов ауданынан келген педагог Аружан Камелованың ұстаздық жолды бастағанына 3 жылдан асқан. Ол біреуге аз, біреуге көп көрінетін уақыт ішінде көп дүние үйрендім дейді. Шарадан да өзіне керекті мол ақпар алған.
АРУЖАН КАМЕЛОВА, Червонный орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Ғ. Мүсірепов ауданы:
— Ұстаз болуды бала кезімнен армандадым. Спикерлердің айтуынша, білім саласында жемқорлық әрекеттер мүлдем болмауы қажет.
Ұйымдастырушылар шараны бекерден-бекер табиғат аясында өткізіп отырған жоқ. Жас мамандарды 2 күн бойы қызықты бағдарлама күтіп тұр. Яғни, білім де алады, оған қоса, демалады. Айта кету керек, облыста 12 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Оның 2400-ге жуығы – жас мамандар.
Нұрасыл Ахмет