Мәдениет

Петропавлда Халықаралық йога күні аталып өтілді

Мұнда жанын тыныштандыруға келген халықтың қарасы қалың. Бүгін петропавлдық нәзікжандылар Халықаралық йога күнін атап өтті. Мереке қарсаңында шаһарға Алматы қаласынан арнайы үнді классикалық биі мен йога орталығының директоры Ақмарал Қайназарова келді. Ол қазір йоганың 5 түрін көрсетпекші. Айтуынша, аталған жаттығулар адамның денсаулығы мен дене бітімін бір қалыпта ұстауға септеседі. Ең бастысы, жан тыныштығын табуға ықпал етеді.

АҚМАРАЛ ҚАЙНАЗАРОВА, Үнді классикалық биі мен йога орталығының директоры, Алматы қаласы:

— Йога дегеніміз не? Әрине, ол – дененің және сананың үйлесімі. Бүгінде барлығымызға йога өте қажет. Оның денсаулыққа пайдасы мол. Біздегілер – терапиялық йогалар. Алдымен міндетті түрде денемізді қыздырып аламыз.

Жан мен тәнге қуат беретін физикалық жаттығу жасауға мұғалім Айнұр Баймағамбетова да келген. Жақында ғана демалысқа шыққан соң, уақыт пайда болып, өзіме көңіл бөлуді шештім дейді нәзікжанды.

АЙНҰР БАЙМАҒАМБЕТОВА, қала тұрғыны:

— Қаламызда да йоганы үйрететін орталықтарға барып жүремін. Бірақ, жұмыс көп болғандықтан аса үлгере бермеймін. Йога адамның барлық дене мүшесіне әсер етеді. Тыныс алуына, жүйке жүйесіне, жан тыныштығына септігін тигізеді.

Мамандар Петропавлға алғаш рет келіп отыр екен. Алдағы уақытта тағы бір келіп, тәжірибелерімен бөліспекші.

 

Мәдина Қаби