Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапары барысында Явленка ауылына барды. Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне жаңа үйлердің кілттері табысталды. Көптен күткен арманына қол жеткізгендердің бірі – көпбалалы отбасы.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА – Есіл ауданының тұрғыны:
— Бүгін облыс, аудан әкімінің арқасында баспаналы болып отырмыз. Өте қуаныштымыз. Аудан орталығында осындай заманға сай жылы, жайлы тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр. Осындай игі істер алға баса берсін. Өте қуаныштымыз.
Жаңа қоныс иелерін құттықтаған облыс әкімі мемлекеттік қызметшілер үшін жайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Мемлекеттік қызметті қолдау және дамыту – бұл жергілікті атқарушы органдар мен жалпы мемлекеттік органдар үшін басты басымдықтардың бірі. Сондықтан жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету – тек әлеуметтік шара емес, сонымен қатар кадрлық тұрақтылықты, мемлекеттік қызметтің тартымдылығын қамтамасыз етудің құралы.
Аймақ басшысы “Петропавл-Жезқазған” автожолының жөндеу жұмыстарымен танысты. Мұнда ұзындығы 200 шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны шамамен 25 млрд теңгені құрайды. Облыс басшысы барлық жұмыстардың сапалы әрі уақытында аяқталуын тапсырды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Бірінші кезекте сапаға мән беру керек. Ауыл шаруашылығында тұқымның өніп шығуынан бастап өнім пісіп-жиналғанға дейінгі кезең бар. Дәл солай сіздерде де белгілі бір мерзім болады. Мұндай жұмыстар күз, қыс мезгілі кезінде жасалмауы тиіс. Сондықтан осы 64 шақырым жолды уақытылы әрі сапалы етіп жасаңыздар.
Сондай-ақ, әкім Мальцево ауылы маңындағы көпірдің қайта жөндеу жұмысымен танысты. Жоспар бойынша бұл нысан қазан айында пайдалануға берілуі тиіс.
Ал Покровка ауылында өңір басшысы «Стрелец» ЖК қызметімен танысты. Мұнда 12 жылдан бері құнарлы органикалық тыңайтқыш өндіріп, құрт өсірумен айналысады. Өнім Қазақстан бойынша сұранысқа ие. Жоба бірегейлігімен және қуаттылығымен ерекшеленеді. Әкім оны мемлекеттік қолдау шаралары аясында дамыту мүмкіндігін ұсынды. Кейін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Есіл орман шаруашылығына» барды. Мұнда жыл сайын орман қоры толықтырылады. Биыл СҚО бойынша 24,5 млн көшет отырғызу жоспарланған. Келесі бағыт – «Родник» балалар лагері. Мұнда инфрақұрылым жаңартылып, балалардың жайлы демалысы үшін барлық жағдай жасалған.
ГҮЛМИРА ДӘУІТБАЕВА, Есіл ауданы білім бөлімінің басшысы:
— «Ең қуантарлығы – ауыл шаруашылығы құрылымдарының зор демеушілік көмек көрсетуі. Олар жыл сайын 200-ден астам жолдаманы балалар үшін сатып алады. Бұл бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Облыстық білім басқармасымен бекітілген бағдарламаға сәйкес, біздің лагеріміз де жұмыс істейді. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналады. Бүгін – техникалық шығармашылық пен ғылым күні».
Ал «Ильинское» ЖШС егіс алқаптарында мал азығын дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Шаруашылық заманауи техникалар санын көбейтіп, агроқұрылым жұмыстарының мерзімі мен сапасын жақсартуда. Облыс басшысы диқандармен кездесіп, мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен таныстырды. Сонымен қатар, Ильинка ауылында Александр Бурлев басқаратын серіктестік қаражатына жаңа спорт кешені салынды.
Сонымен қатар, шаруашылық жұмысшыларына арналған жаңа үйлер де салынды. Облыс әкімі «Ильинское» ЖШС қызметкерлеріне тұрмыстық техника сыйға тартты. Жұмыс сапары аудан халқымен кездесумен аяқталды. Түрлі сұрақтар қойылды, басты тақырып – жол мәселесі болды. Облыс әкімі барлық өтініштерді бақылауға алуды тапсырды. Ол өз сөзінде жұмысшы мамандықтардың өңір үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бәріміз далада, станок басында, трактор рөлінде, құрылыс алаңында және шеберханада еңбек етіп жүрген жандарға алғыс айтып, құрмет көрсетуіміз керек. Аталмыш сала мамандарының арқасында өңірлеріміз дамиды, мемлекетіміз нығаяды.
Есіл ауданына жасалған жұмыс сапары әлеуметтік салада да, агроөнеркәсіп кешенінде де оң өзгерістер бар екенін көрсетті. Алда жаңа жобаларды іске асыру және жергілікті халықты толғандырған мәселелерді шешу міндеті тұр.