ҚоғамӨнеркәсіп

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова өңір тұрғындарымен кездесті

Енді жер қойнауын пайдаланушылар кабинет кезіп, сағаттап кезекте тұрмайды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бірыңғай платформаны іске қосты. Бұл жайлы өңірге жұмыс сапарымен келген вице-министр Жәннат Дүбірова айтты. Жаңашылдық арқылы өтініш беру, аукционға қатысу және лицензия алу онлайн түрде жүргізіледі. Оған қоса тұрғындар интерактивті карта арқылы өзіне ұнаған учаске туралы толық мәлімет ала алады.

ЖӘННАТ ДҮБІРОВА, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:

— Аталған жүйе геологиялық ақпаратты ашық етіп, 22 мемлекеттік қызметті онлайн алуға мүмкіндік береді. Платформа биыл 1-ші қантардан бастап іске қосылды. 6 айдың ішінде 700-ге жуық өтініш қаралды. Цифрлық жүйе еліміздегі пайдалы қазбаларды барлауға мүмкіндік береді. Одан қалды, өндіріс саласын дамытып, инвестиция тартуды арттырады.

Платформада барлық геологиялық есептердің реестрі туралы ақпарат бар. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты. Ол Жәннат Балғабайқызына айтқан мол ақпары үшін алғысын білдірді. Содан соң басқосуға қатысушылар вице-министрге өз сұрақтарын қойды.

ТАМЕРЛАН АЙТМҰХАМБЕТОВ, “СҚ ЭЖТК” АҚ инженері:

— Естуімше, еліміздің кейбір аймақтарында “Бірыңғай түбіртек жүйесі” енгізілді. Бұл жаңашылдық бізге қашан келеді және қандай пайдасы бар?

Сұрақты бүге-шүгесіне дейін тыңдаған Жәннат Дүбірова былай деп жауап берді.

ЖӘННАТ ДҮБІРОВА, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:

— Бұл жүйенің пайдасы – барлық коммуналдық қызметке бірыңғай түбіртек келеді. Яғни, бұрынғыдай барлығын бөліп төлемейсіздер. Жалпы, аталған жаңашылдықты қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де қолжетімді еткіміз келеді.

Жәннат Дүбірованың айтуынша, жоба өңірде жыл соңына дейін іске қосылады.

 

Нұрасыл Ахмет