Есіл ауданына қарасты Еңбек ауылының тұрғындары ішімдіктен толықтай бас тартқан. Олар: «Таза сана – жарқын болашақтың кепілі» деген ұстанымды алға тартады. Енді бұл игі бастаманы басқа ауылдарға да үлгі етіп, «Ішімдіксіз ауыл» эстафетасын жолдауда. Ауылға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов арнайы ат басын бұрды. Өңір басшысы мұндай нақты патриоттық істер өзгелерге үлгі болуы керек деді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Бұл – бүкіл облысқа жақсы үлгі. Есіл ауданында алкогольден бас тартқан үш ауыл бар, Еңбек 18-ші болып осы бастамаға қосылды. Бұл – өте оң қадам. Ауылдың болашағы жарқын боларына сенемін. Балаларыңыз дені сау, аман-сау ортада өссін деп тілеймін.
«Ішімдіксіз ауыл» эстафетасы «Заң және тәртіп» акциясы аясында іске асырылып жатыр. Бұл бастама ауыл тұрғындарына қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруды көздейді. Прокуратура мұндай игі істерді қолдауға дайын.
КЕНЖЕБЕК ҚОЖАХМЕТОВ, Есіл ауданының прокуроры:
— “Заң және тәртіп” акциясы аясында осындай шаралар өткізіліп жатыр. Баршаға белгілі – ішімдік болмаса, тәртіп бар. Ал тәртіп бар жерде заң нығаяды. Мысал ретінде Қарағай ауылын келтіре аламыз: соңғы үш жылда ешқандай қылмыстық не әкімшілік құқықбұзушылық тіркелмеген. Прокуратура мұндай бастамаларды әрі қарай да қолдай береді.
Еңбек ауылы тек салауатты өмір салтын қолдаумен ғана шектеліп отырған жоқ. «Бай Еңбек» серіктестігінің басшысы Қайырбек Қожасовтың жеке бастамасымен ауылда жаңа бастауыш мектептің құрылысы басталды. 50 орынға шақталған оқу орнының құрылысына кәсіпкер 350 млн теңге қаржысын құйып отыр. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бұл білім ордасын балалар да, ата-аналар да асыға күтуде.
ҚАЙЫРБЕК ҚОЖАСОВ, «Бай Еңбек» ЖШС директоры:
— Бұл жыл – “Жұмысшы мамандықтар” жылы деп жарияланды. Осыған орай ауыл тұрғындары үшін шағын бастауыш мектеп салып жатырмыз шаруашылықтың қолдауымен. 50 орынға арналған. Мектепте спорт залы, 4 сыныпқа арналған шағын орталық, асхана және медициналық кабинет болады. Құрылысты мамыр айының басында бастадық. Жаңа оқу жылына дейін тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз.
Аймақ басшысы кәсіпкердің игі бастамасын қолдады. Жаңа нысан бірнеше маңызды мәселені шешеді. Балаларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастырып, ауылдың болашағын сақтап қалуға сеп болады деді әрі шаруаларды Еңбек ауылынан үлгі алып, әлеуметтік қолдауға үлес қосуға шақырды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Бүгін бұл азамат өз қаражатына мектеп салып жатыр. Бұл – ауылды сақтап қалу жолындағы нақты қадам. Балаларды басқа ауылдарға тасымай, осында қалдыру – басты мақсат. Барлық жағдай жасалуы керек: қауіпсіздік – ең бастысы. Әжетханасы да, спортзалы да ішінде болады. Осы жұмыстардың бәрін қолға алып отырған – дәл осы басшы. Біз тек алғыс айтуымыз керек. Ол – бүкіл ауыл шаруашылығы құрылымдарына үлгі боларлық азамат.
Салауатты өмір салты, білімге қолдау және әлеуметтік жауапкершілік ауыл келбетін түбегейлі өзгертуге септігін тигізеді. Қазір Еңбек ауылында 40-тан астам үй түтін түтетіп отыр.