28 маусым – Қазақстандағы БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі. Осыған орай Журналистер одағының облыстық филиалы мен жергілікті университет өкілдері мамандарға ерекше іс-шара дайындады. Онда түрлі ойындар, экскурсия және мадақтаулар да болды.
ЕРЛАН ТОҚШЫЛЫҚ, ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы:
— Журналистерге арнап осындай іс-шара ұйымдастырып отырмыз. Оған барша облыс тілшілерін шақырдық. Одан бөлек бір жыл бойы жақсы нәтиже көрсеткен журналистерімізді марапаттаймыз.
Қазақстанның құрметті журналисі. Бұл атаққа “Северный Казахстан” газетінің редакторы Владимир Синенко ие болды. Қаламы қарымды қаламгердің БАҚ саласында жүргеніне 50 жылға жуықтаған. Ағасының жолын қуған азамат тілші атануды бала кезінен армандаған екен.
ВЛАДИМИР СИНЕНКО, “Северный Казахстан” газетінің редакторы:
— Мен журналистика саласына мектеп бітірген жасымда келдім. Ол кезде небәрі 17 жаста ғана едім. Бірден Тимирязев аудандық газетіне орналастым. Сол уақытта маған жақсы мамандар кезігіп, бағыт-бағдар берді. Ағам Ұлы Отан соғысы кезінде “Марьевская” газетінің редакторы болып жұмыс істеген. Ол қазір “Новатор” деп аталады. Мен де соның жолын қуып, осы бағытты таңдадым.
Шара ары қарай “Мозгобойня” ойынымен жалғасты. Тілшілер қауымы берілген үзінді бойынша шетелдік ән мен әншілерді тапты. Тартысты ойында ой жүйріктігі қажет. Бұл ретте қатысушылар осалдық танытқан жоқ, белсенді жауап беріп отырды.
АЙДАРБЕК БАЛҒАБЕКОВ, “24 kz” телеарнасының меншікті тілшісі:
— Ойын өте әсерлі және қызықты өтті. Өзіміздің білім деңгейімізді сынадық. Музыкалық сұрақтар қызықты екен. Командамызбен барымызша дұрыс жауап беруге тырыстық. Ең бастысы, көңіл күйіміз көтерілді.
Сондай-ақ, журналистер қауымына университет ішінде экскурсия ұйымдастырылды.
Мәдина Қаби