Мәдениет

Жерлес бишілер Алматыдан 51 жүлдемен оралды

Жерлес бишілер жарады. Теріскейлік “Арабеск” би ансамблі Алматы қаласынан қапқа сыймас жүлдемен оралды. Өнерлі жастарды теміржол вокзалынан ата-аналары, достары және жақындары гүл шоқтарымен қарсы алып, құрмет көрсетті.

Ансамбль халықаралық 2 бірдей додада бақ сынап, 9 вип бас жүлде, 9 бас жүлде, 18 – бірінші, 12 – екінші және 3 үшінші орын еншіледі. Бәсі биік додада Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Қырғызстаннан келген би ұжымдары бақ сынаған.

ДИАНА ШАДЫБЕКОВА, “Арабеск” би ансамблінің мүшесі:

— Байқаулар өте жоғары деңгейде өтті. Өзім аталған би ұжымына 10 жылға жуық мүшелік етемін. Әпкем де осы топта биледі. Оның ізін қуып келе жатырмын десем болады. Өнер көрсеткен қатты ұнайды. Ерекше эмоция, шаттық сыйлайды.

Нағыз таланттардың басы тоғысқан би ансамблі атынан Алатау баурайына 250-ден астам биші барған. Ал, негізі ұжымда 400-ге жуық жас бар. Олардың ең кішісі 4 жаста болса, үлкендері 20-дан асқан.

ТАТЬЯНА КРАВЧЕНКО, “Арабеск” би ансамблінің көркемдік жетекшісі:

— 2 конкурсқа 26 нөмір дайындап бардық. Қыздарым ойдағыдай билеп, қазылар алқасынан мақтау сөздер естіді. Бірінші конкурста 400 мың теңге ұттық. Ал екінші байқауда 300 мың еншіледік. Соңында “Үздік би” ұжымы деген атаққа ие болдық. Қыздарым Алматыға осымен екінші рет барып отыр. Тәжірибе бар.

Енді келесі апта өнерлі қыздар Астанаға жолға шықпақ. Елордада республикалық байқау өтпек.

 

Мәдина Қаби