Экология

“Таза Қазақстан”: Жастар көл жағалауын тазалады

Clear Fest. Бүгін Пестрое көлінің жағасында осындай атаумен тазалық акциясы өтті. Қоқыс жинау шарасы жылдам әрі көтеріңкі көңіл күймен өтуі үшін белсенді жастар әуелі бойларын сергітіп алды.

7 адамнан 7 команда. 50-ге жуық жас қолдарына қолғап киіп, қап ұстап іске кірісіп кетті.

ГҮЛБАҚЫТ БАЙБУСИНОВА, СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

— Жаз бойы Есіл өзенінің жағалауын және басқа да көлдерің маңайын жинастырамыз. Іс-шараның мақсаты – табиғатты қорғау және көлдердің маңайын қоқыстан сақтау.

Науқан ойын түрінде өтті. 40 минуттың ішінде қай топтың мүшелері көп қоқыс жинайды сол жеңіске жетеді. Жеңімпазға сыйлық бар. Қоқысты жарыса жүріп жинау осындай шараларға деген қызығушылықты арттырады дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Аружан Айтпай.

АРУЖАН АЙТПАЙ, волонтёр:

— Тек осындай тазалық акцияларына ғана емес, ағаш егу және қайырымдылық науқандарына да қатысып жүремін. Біздің мектепте волонтерлік жұмыс деген жүйе бар. Мен соған қатысып, осындай волонтерлік ұйым бар екенін білдім.

50 келілік қапты толтыру әсте оңай емес. Көл жағасында да қоқыс қаптап жатқан жоқ, бірақ баршылық. Оны кім шашты? Демалушы. Таза ауасын иіскеп, суына түсіп, саясында тыныққан адам мұншалықты қоқыс шашпаса оны жинаудың қажеттілігі де туындамас еді. Бұл – 6 жасар Әнел Жұмаділдің пікірі.

ӘНЕЛ ЖҰМАДІЛ, волонтёр:

— Суға түсуге ата-анаммен бірге жиі келемін. Кейде қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Сол сәтте анама маған айналаны таза ұстаудың маңызын, қоқысты жерге емес, жәшікке салу қажеттігін жиі айтып отырады. Бүгін тазалық шарасына мен де өз үлесімді қосып жатырмын.

Пестроедан басталған акция Есіл жағасында жалғасын табады. Жалпы, волонтерлер көл маңынан 500 келіге жуық қоқыс жинады.

 

Мәдина Қаби