Өңірде облыс прокурорының бастамасымен жол қозғалысы саласындағы заңнаманы сақтау мәселесі бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Бүгін аталған топ өкілдері бас қосып, қорытынды шығарды, жоспармен бөлісті. Іске немқұрайлы қарауға болмайды. Аққайыңдар өлкесінде жағдай мәз емес.
ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының бірінші орынбасары:
— Осы күнге дейін аймақта 217 жол-көлік оқиғасы орын алды. Салдарынан 311 адам жарақат алса, 15 адам қаза тапты. Қазіргі таңда өңірде автомобиль қауіпті қозғалыс құралы болып табылады. Өлім көрсеткіші жылдан-жылға артуда. Мас күйде тізгін ұстайтындар жетерлік. Бұл – аса қауіпті қылмыс. Бізге әлі де батыл қадамдар қажет. Сонда ғана өзгеріс орын алатын сыңайлы.
Жол-көлік оқиғасына әкелетін бірден-бір жайт – жоғары жылдамдық. Кейбір жүргізушілер тізгіндегендері автомобиль емес, зымыран деп ойлайтын сияқты. Әсіресе, такси қызметін ұсынатын адамдар желдей жүйткиді. Бұған жол жоқ. Жиын барысында облыс прокурорының бірінші орынбасары полиция өкілдеріне жүгініп, ұйымдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының бірінші орынбасары:
— Сіздерде қызметкерлердің аты-жөні жазылған база бар. Сол бойынша жұмыс берушіге де жүгінуге болады. Қарамағындағы адам жиі жол ережесін бұзатыны айтылса, басшылық шара қабылдайды. Бұл да алдын алудың бір тәсілі. Көкшетау мен Петропавлдың арасында ең жоғары жылдамдық – 100. Алайда, кейбір адамдар құстай ұшады.
Облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов бастаманың орынды екенін айтты. Өз кезегінде полицейлер мұндай жұмысқа дайын екендерін жеткізді.
РИЗВАН ЮСИБОВ, СҚО прокуратурасының аға прокуроры:
— Біз жылдамдықтан басқа да жайтқа назар аударуымыз қажет. Кейбір жүргізушілер жолдың қарама-қарсы бағытына шығып кетеді, ережені білмейді. Сонымен қатар, инфрақұрылым саласында кемшіліктер бар. Жолдарда белгі, бағдаршам аз. Облыс прокуратурасы мәселені ұдайы бақылауда ұстайды.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
— Жол қозғалысы ережесін бір күнде ретке келтіру мүмкін емес. Аса өзекті мәселені тұрақтандыру үшін өңір прокурорлары өзге елдердің және өзге өңірлердің тәжірибесіне сүйенуді жоспарлап отыр. Мысалы, Маңғыстау облысы. Бұл өңірде қала ішінде жүретін автобустарға арнайы жабдық орнатылыпты. Сол құрал көшедегі бұзушылықты бірден тіркейді және тиісті органдарға хабарлайды. Жақында мұндай жаңашылдық бізге де келуі мүмкін.
Байболат Құлтанов