Ағымдағы жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сол күні Мемлекет басшысы қол қойған құжаттардың бірінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты да жаңашылдық болды. Қазір жаза бұрынғыдай “жұмсақ” емес, қатаң.
ЛӘЗІМ МИЯШЕВА, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
— Заңмен тұтынушылардың құқығын бұзғаны үшін санкциялары күшейтілді. Егер бұрын кәсіпкерлік субъектілері «ескерту» түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылса, енді айыппұл төлейді.
Айыппұлдың көлемі әртүрлі. Әкімшілік жаза тағайындалар алдында сатушы тараптың статусы ескеріледі.
ЛӘЗІМ МИЯШЕВА, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
— Тиісті заңға сәйкес, жеке тұлғаларға да жаза қарастырылады. Оның көлемі 5 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10, орта деңгейдегі іскер жандарға – 15, ал бизнесі ауқымды тұлғаларға 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн 1 жыл iшiнде осындай іс-әрекет қайталанса, айыппұлдың мөлшері 2 есеге өседі.
Жаза арқаламас үшін кәсіпкер негізгі талаптарды орындауы тиіс. Олар: тиісті ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде орналастыру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамада белгіленген мерзімде тиісті сападағы да, тиісті емес сападағы да тауарды айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз ету, наразылыққа жазбаша жауап ұсыну.
2025 жылдың 5 айында СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұтынушылардың 178 өтініші келіп түсті. Оның 47,7% қанағаттандырылды, 18,5% құзыреті шегінде басқа мемлекеттік органдарға жіберілді, 5,6% мәселенің оң шешілуіне байланысты тұтынушылар өз өтініштерін кері қайтарып алды, қалған өтініштер бойынша түсініктемелер берілді. Тұтынушылардың өтініштері негізінде 19 жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Шешілген мәселенің бірі оңбай сан соғып қала жаздаған зейнеткерге қатысты. Азаматша бақандай 986 мың теңгеге есту аппаратын сатып алған. Ол көп ұзамай сыр беріпті. Алайда, сатушы тарап ақшаны қайтарудан бас тартқан.
ЛӘЗІМ МИЯШЕВА, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
— Зейнеткер сатушыға бір емес, бірнеше рет жүгініп, ақшаны қайтаруды сұраған. Өтініш қабылданбапты. Бізге шағым келіп түсті, департамент өкілдері жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 986 мың теңгеге қайтарылды. Сонымен қатар, заңда көрсетілген талапты орындамаған кәсіпкер әкімшілік жазаға тартылды. Салынған айыппұлдың сомасы 30 мың теңгеге жуықтайды.
Біле жүрген маңызды, көп жағдайда тұрғындар департаментке бөлшек және электрондық саудадағы мәселелер бойынша жүгінеді екен.
Байболат Құлтанов