Қоғам

СҚО-да полиция қызметкері жанып жатқан үйден ер адамды алып шықты

Жамбылдық тәртіп сақшысы 53 жастағы Кладбинка ауылының тұрғынын өртеніп жатқан үйден алып шықты. Оқиға маусымның 12-сінен 13-іне қараған түні шамамен сағат 1:40-та болған. Сол уақытта учаскелік полиция инспекторы Азат Әнуарбек елді мекенді аралап жүрген. Шенді Мир көшесіндегі үйлердің бірінен шығып жатқан қызыл жалынды бірден байқап, дереу оқиға орнына жүгіріп жеткен. Сол сәтте баспананың төбесі мен кіреберісі отқа оранып жатқан.

Полицей терезені сындырып, түтін басқан үйді тексеруге кіріскен. Бөлмелердің бірінен абдырап қалған, не істерін білмей тұрған тұрғынды көреді. Ол бірден кірген ізімен ер адамды баспанадан алып шықты. Екеуінің қиын сәтте сытылып шығуына көршілері көмектесіпті. Кейінірек келген өрт сөндіру қызметкерлері отты бірден ауыздықтады. Зардап шегушіге медициналық көмек қажет болмады.