Мәдениет

Петропавлда “Yandex Qazaqstan” акселерациясының апталығы басталды

Кішкентайынан кинорежиссер, әлемге әйгілі әртіс боламын дейтін солтүстіктікқазақстандарға тамаша мүмкіндік! Петропавлға жалғыз елге ғана емес, бүкіл дүние жүзіне танымал режиссерлер, суретшілер мен медиа менеджерлер және сценаристер келді. Оның ішінде голливудтық киностудиялардың маркетингімен айналысатын Елена Бродская, қазақстандық режиссер Әмір Қарақұлов бар. Шара алдымен ашылу салтанатынан басталды. Басқосуға арнайы облыс әкімінің атынан келген аппарат басшысы Руслан Әлішев Ғауез Торсанұлының құттықтау сөзін оқып берді.

РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:

— Әкімдік тарапынан әрдайым киноиндустрияға зор қолдау көрсетіледі. Біз солтүстікқазақстандық жастардың арасынан әлемге танымал азаматтар шыққанын қалаймыз. Одан қалды, танымал тұлғалардың дәрістерін тыңдап, олардың ой-өрістері кеңейеді деп ойлаймын. Шараға қатысушылардың барлығына шығармашылық табыс тілеймін.

Шараны ұйымдастырушы – “Yandex Qazaqstan” компаниясы. Басты мақсат – елімізде кино және телехикаялар өндірісін дамыту. Айта кету керек, мұндай басқосу елімізде алғаш рет Петропавлда өтіп жатыр.

ЕРЛАН ИГІСІН, Қазақстан және Орталық Азия бойынша “Yandex”-тің GR-басшысы:

— Неге Петропавлды таңдадық деп ойлайсыздар? Себебі, сіздерде барлық заманауи талаптарға сай келетін “Қызылжар” креатив орталығы бар.

Рүстем Арменұлының С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында өнер көрсетіп жүргеніне 3 жылдан асқан. Ол жарты сағаттың ішінде ойына көп дүние түйген. Алған білімін алдағы еңбек жолында қолданғысы келеді.

РҮСТЕМ АРМЕНҰЛЫ: С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әртісі:

— Әртіс үнемі даму үстінде болуы қажет. Сол үшін де шеберлік сағатына келіп отырмын. Білікті мамандардың дәрісін тындау мен үшін баға жетпес байлық.

Шараға қатысушылар күн сайын кешке әлі әлеуметтік желілерге шықпаған киноларды тамашалай алады.

 

Нұрасыл Ахмет