“Ер есімі – ел есінде”. Петропавлда ел даңқын асқақтатқан қазақстандық және теріскейлік алыптарға арналған “Чемпиондар аллеясы” ашылды. Ең алдымен шара ашылу салтанатынан басталды. Оған облыстық спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділхан Сыздықов, “Динамо” дене шынықтыру және спорт қоғамы төрағасының орынбасары Асқар Омарқұлов пен өңірге танымал спорт ардагерлері қатысты.
Бұл игі бастама өңіріміздің ардагер спортшысы Бауыржан Құлжановтың арқасында жүзеге асты. Азаматтың аллеяны ашуға 13 жыл уақыты кеткен. Облыстық спорт басқармасынан да тиісті көмек көрсетіліпті. Бауыржан Ниязұлы толағайларымызды солтүстікқазақстандықтар мәңгі есте сақтағанын қалайды. Сол мақсатта осы қадамға барған екен. Ардагердің талай жылғы еңбегі құрметке лайық деп айтуға толық негіз бар.
БАУЫРЖАН ҚҰЛЖАНОВ, СҚО күрес федерациясының құрметті президенті:
— Болашақта бұл аумақта мұражай ашқымыз келеді. Аллеяда қос олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіковтің ескерткіштері бар. Жастарымыз өткенімізді ешқашан ұмытпаулары қажет.
Саябақ Борки кентінде орналасқан. 26 толағайға арналып ескерткіш қойылған. Айналасы жасыл желекке толы. Жерлестеріміз мұнда келіп демалыстарын өткізе алады. Өткенімізден сыр шертер тарихымызға да куә болады. Шара “Динамо” дене шынықтыру және спорт қоғамының 100 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Айта кету керек, ескерткіш қойылған, аты аталып, түсі түстелген азаматтардың барлығы күш құрылымдарында еңбек еткен.
АСҚАР ОМАРҚҰЛОВ, “Динамо” дене шынықтыру және спорт қоғамы төрағасының орынбасары:
— Тәуелсіздік жылдары спортшыларымыз Олимпиададан 86 медаль жеңіп алған. Оның 65-і “Динамо” спорт клубының мүшелеріне тиесілі.
Айта кету керек, бүгін Петропавлда “Динамо” дене шынықтыру және спорт қоғамының 100 жылдығына орай қазақ күресінен республикалық жарыс өтеді.
Нұрасыл Ахмет