Қоғам

Петропавлда бес отбасы тұратын баспанаға электр бағаны құлауы мүмкін

“Жұмысшы” кентіндегі Украин көшесі бойында орналасқан мына үйдің тұрғындарынан маза қашқан. Таяқ тастам жердегі электр бағаны кез келген сәтте баспанаға құлауы мүмкін. Құрылым әбден ескірген немесе қар суынан соң түбі қопсыған. Бүгінде қоршауды қисайтыпты. Жерлестеріміз жанды шүберекке түйіп отыр. Өтінішпен бармаған жерлері жоқ. Әзірге бірде-бір орган әрекет етпепті.

АИДА ӘЛЖАНОВА, қала тұрғыны:

— 3 айдан бері шапқылап жүрмін, әкімдікке бардық, барлығына қоңырау шалдық. Бізді анда-мында жұмсап, қызық көретін сияқты. Біреуі нөмір береді, онда хабарлассақ, басқа мекемеге жүгіну керек дейді. Алған беттен тайынбай тағы да телефон соғамыз. Тағы да басқа жаққа сілтейді. Беретін ортақ жауаптары бар – «Бұл біздің бағанамыз емес». Сонда кімдікі? Жұмыс істеп тұр. Қолдан келетін қауіпсіздік шараларын жасадық, тоқ өтетіндіктен артық қадамға бара алмаймыз.

Адамдардың артық қадамға бара алмайтыны түсінікті. Шалыс әрекет өлімге әкелуі мүмкін. Аида Әлжанова бұл үйде 20 жыл тұрады, бүгінде 2 бала тәрбиелеп отыр.

АИДА ӘЛЖАНОВА, қала тұрғыны:

— Это моё единственное жильё. Я боюсь остаться просто без дома. Дети бегают, страшно – вдруг упадёт на них. Ночью спать ложишься и боишься, а вдруг не проснёшься, просто сгоришь в этом огне. Звонишь и говоришь – всем всё равно.

Жапсарлас салынған үйде 5 отбасы тұрады. 1 жанұя мүшелері қауіптен қорыққандықтан өзге жаққа көшіпті. Олар анда-санда келіп, баспаналарының жағдайын, көршілерінің амандығын біліп тұрады екен.

ИРИНА АНТОНЕНКО, қала тұрғыны:

— Менің 3 балам бар. Кішкентайыма 2 ай ғана болды, ал үлкенім 8 жасқа келді. Баған түн ортасында құлап кетеді деп қорқамыз. Электр сымдарының бойында тоқ бар, тұйықталу да болуы мүмкін. Егер төтенше жағдай орын алса, біз сыртқа шығып та үлгермейміз. Мұнда мүгедек адам да тұрады. Бір аяғы жоқ көршіміз үнемі өзі жалғыз үйде отырады. Оған қауіптен құтылу тіпті қиын. Біз өзіміздің және балаларымыздың өмірі үшін қорқамыз. Кеше қатты жел болды, таңды ұйқысыз атырдық.

Түсірілім кезінде аумаққа Солтүстік Қазақстан Электр желілерін тарату компаниясының мамандары келді. Олар мәселемен танысты, тіркеді, бірақ тілдесу барысында баған олардың бақылауында еместігін айтты. Әзірге кімнің жауапты екені белгісіз. Енді бұл жерге қалалық әкімдіктің мамандары бармақ.

 

Байболат Құлтанов, Валерия Филатова