ҚоғамҚұқық қорғау органдары

Петропавлда 2 жыл бойы алимент төлемей келген қала тұрғынына қатысты сот үкімі шықты

Облыс орталығында кәмелетке толмаған баласына 2 жыл бойы алимент төлемей келген қала тұрғынына қатысты сот үкімі шықты. Берешек сомасы 3 млн-нан асып жығылады. Іс Петропавл қалалық әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды.

Сот ашық әрі жария түрде өтті. Отырысқа 10-ға жуық борышкер қатысты. Оларды шақырудағы мақсат – заңның барын ұғындыру, бала алдындағы міндетті орындау керектігін еске салу. Сот барысында Петропавл қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Мұхаммед-Хайр Бақытжанов айыпталушы Николай Тимошенкоға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық бойынша кодексінің 669-бабының 1-ші тармағы бойынша 3 күнге бас бостандығынан айыруды ұсынды. Баласынан нәпақасын аяған қала тұрғыны өз кінәсін мойындамады.

Істі толықтай зерделеген Дамир Шамұратов мынадай үкім шығарды.

ДАМИР ШАМҰРАТОВ, Петропавл қалалық әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы:

— Аталған іс бойынша тергеп-тексеру жұмыстары толықтай жүргізілді. Нәтижесінде айыпталушының кінәсі толықтай дәлелденді. Николай Тимошенко 3 күнге қамауға алынсын.

Осы ретте сандарды сөйлетсек, қала бойынша 300 алимент төлеуші бар. Оның 25-і – әйел. Бауыр еті баласынан ақшасын аяп жүргендер аз емес.

МҰХАММЕД-ХАЙР БАҚЫТЖАНОВ, Петропавл қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры:

5 айдың ішінде қала бойынша алимент төлемей жүрген 48 адам – әкімшілік, біреуі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың жалпы қарызы 140 млн теңгеден асып жығылады. Борышкерлерден ақшаны өндіріп алу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Ата-аналардан бұл маңызды міндеттен жалтармауларын сұраймын.

Айта кету керек, айыпталушы жазасын қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында өтейді.

 

Нұрасыл Ахмет