Мәдениет

Өңірде “Парыз” конкурсына өтінім қабылдануда

Кәсіпкерлерге құлаққағыс! Өңірде “Парыз” конкурсына өтінім қабылдау жүріп жатыр. Байқау 2 кезеңде өтеді. Біріншісі – өңірлік. Мұнда тек солтүстікқазақстандық ұжымдар арасынан үздіктер анықталады. Екіншісі – республикалық. Яғни, алғашқы сында сүрінбегендер ел көлеміндегі додаға жолдама алады. Қатысу тегін. Бірақ, бірқатар талапты ескеру қажет. Өтініш білдірген кәсіпкерлер 3 жыл жұмыс істеуі, құқық бұзбауы, шығынға батпауы керек.

ГҮЛДАНА БЕКТҰРҒАНОВА, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:

— Оған жеке кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Лауреат атағы 3 санат бойынша беріледі: шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектісі. Сонымен қатар, 4 номинация бойынша мадақталады: “Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын”, “Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын”, “Үздік ұжымдық шарт”, “Экологияға қосқан үлесі үшін”.

Қазіргі таңда 26 кәсіпкерлік басшысы өтінім берген. “Парыз” конкурсына қатысуы арқылы іскер жандар көпке танылады, өз өнімдерін таныстырады.

ГҮЛДАНА БЕКТҰРҒАНОВА, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:

— Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер материалды 2 данада тапсырады. Оған өтінім, сауалнама және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бойынша нақты нәтижелер мен қызмет деңгейінің өзін-өзі бағалауы болып табылатын үміткердің есебі кіреді.

Аталған конкурс ел көлемінде 17 жыл бойы өткізіліп келеді. Осы аралықта 20-дан астам теріскейлік ұжым бас жүлде ұтып алған. Қоса кетейік, “Парыз” байқауына өтінім қабылдау 1-ші шілдеде аяқталады.

 

Мәдина Қаби