Бұл – бұйра бірқазан. Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Сирек кездесетін қанатты теріскей өңірін мекендейді, балықпен қоректенетіндіктен су жағасында кездестіруге болады. Алып құс қанатын жайғанда 3 метрден асады екен. Қызыл кітапқа бұдан басқа сұр тырна мен қызылжемсаулы қашақаз енген. Құстар әлемінің жаңалығымен ұл-қыздарды облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары таныстырды.
МАКСИМ СОРОЧИНСКИЙ, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері:
— Бұл құстардың мүсінін мамандар 90-шы жылдардың соңында өз қолдарымен істеген. Мұнда орман қарғасы, шыршашыл қайшыауыз мен орман құнағы деп аталатын қанаттыларды көруге болады. Балық қоректі, ашық дала кеңістігінің, су-батпақты жерлерді мекендейтін құстардың түрлері бар. Жалпы, көрмеге 50-ға жуық жануардың мүсінін қойдық.
“Құстардың ерекше әлемі”. Көрме осылай аталады. Шараның танымдық тұрғыда ғана емес, тәрбиелік маңызы да зор. Бала құс туралы мол ақпарат біледі, оның қадірін түсінеді, Нәтижесінде табиғатты аялау туралы түсінік қалыптасады.
Айта кетейік, құстар көрмесін тамашалау балалар үшін тегін. Музейде жазғы демалыста жүрген жеткіншектерге арналып бұдан басқа да танымдық шаралар жиі өткізіледі. Мамандар таяу арада өскелең ұрпаққа домбыраның киесі жайында көрме ұйымдастырғалы отыр.
Мәдина Қаби