Петропавлда құқық қорғау органдары мен күш құрылымдары арасында қазақ күресінен спартакиада өтіп жатыр. Дүбірлі дода “Динамо” дене шынықтыру және спорт қоғамының 100 жылдығына орай ұйымдастырылды. Шара ең алдымен ашылу салтанатынан басталды. Оған өңірдің бас полицейі Айдын Қабдұлдинов, облыс прокуроры Қайрат Әбдіханов, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділхан Сыздықов пен спорт ардагерлері қатысты.
Жарыс басталмас бұрын қазақтың рухты әндері шырқалды. Ұлттық билер биленді. Орындалған туындылар додаға түсейін деп жатқан спортшыларға күш беретіні сөзсіз.
Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге тарта қызметкер келген. Барлығы “Сен тұр, мен атайын” дейтін спортшылар. Араларында қазақ күресімен 20 жылдан астам уақыт айналысатындары да бар. Айта кету керек, бүгін палуандар 3 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.
АСЫЛХАН БОЛАТОВ, жарыстың бас төрешісі:
— Палуандарға 5 минут уақыт беріледі. Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмаса белдесетін болады. Жарыстың басты фавориттері – Қарағанды және Ақмола облысынан келген палуандар. Бірақ, солтүстікқазақстандықтар да биыл жалпыкомандалық есепте бас жүлде алуға дәмелі.
Міне, көптен күткен жарыс та басталды. Қазіргі таңда ақтық бәсекелер өтіп жатыр. Ең алдымен бозкілемге шымкенттік Серік Ысқақ пен Ұлытау облысынан келген Данияр Әліпов шықты. Екеуі – бір-бірін жақсы танитын әккі қарсыластар. Бір-біріне дес берер емес. Бірінші болып қарсыласына “қырқа” әдісін жасаған үш жүздің басы қосылған өлкеден келген спортшы жартылай жеңіс ұпайын алды.
Онтүстіктен келген Серік те жарыстан құр алақан кеткісі келмейді. Ойлағаны тек жеңіске жету. Жеңіске деген жігерінің арқасында ол бірден жиналып, қарсыласына “жамбас” әдісін жасап есепті теңестірді.
Негізгі уақытта спортшылар жеңімпазды анықтай алмады. 1 минут бойы белдесуде де бір-бірінің осал тұсын анықтай алмады. Ендігі кезек салмақ өлшеуде. Кімнің салмағы аз сол жеңіске жетеді. Екі спортшы кезек-мезек таразыға тұрды. Нәтижесінде шымкенттік палуан қарсыласынан жеңіл болып шықты. Осылайша, жарыстың қола жүлдегері атанды.
СЕРІК ЫСҚАҚ, жарысқа қатысушы, Шымкент қаласы:
— Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Қарсыластардың барлығы жақсы дайындықпен келген. Жеңіске жету үшін бар күш-жігерімді салдым. Не бел кетеді, не белбеу кетеді деп тәуекелге барып жеңісті жұлып алдым.
Айта кету керек, дүбірлі дода ертең өз мәресіне жетеді.
Нұрасыл Ахмет