Қоғам

Денсаулығында ақауы бар жандар иппотерапиядан өтті

АҚТОЛҚЫН СОЛТАНХАНҚЫЗЫ, тілші:

— Иппотерапия дегеніміз жылқыға мініп серуендеп емделуді білдіреді. Бұл әдістің адамға физикалық тұрғыда ғана емес, эмоционалды жағдайын жақсартуға пайдасы мол. Бүгінде мұндай тәсілді үлкен де, кіші де қолданып жатыр.

Қаланың күйбің тіршілігімен жүрген жандарға бір сәт болса да таза ауада жылқыға отырып серуендеу демалыстың бір түрі десе болады. Ал денсаулығында ақауы бар жандар үшін бұл ем береді. Осыны ескере отыра мамандар жыл сайын арнайы шара ұйымдастыруды жөн көріпті.

СӘБИНА ЫСҚАҚОВА, “АРДОС-Жүрек” мүгедектер бірлестігі” ЗТБ жоба үйлестірушісі:

— Біз иппотерапия, арттерапия сынды түрлі шаралар жиі ұйымдастырып тұрамыз. Мүгедіктігі бар балалар үшін бұндай кездесулер денесін шынықтырып қана қоймай, күйзелістен шығуға, мазасыздықты азайтуға септеседі.

Бүгін 15-тен астам ұл-қыз келіп отыр. Жеткіншектер жылқыларды жалынан сипап, азық берді. Әлия Ғапұржанованың ұлы Есмұқан жануарларды ерекше жақсы көреді. Мұндай шара жеткіншекті қуанышқа бөлейді.

ӘЛИЯ ҒАПҰРЖАНОВА, қала тұрғыны:

— Бізге қатты ұнайды. Мында жиі келіп тұрамыз. Иппотерапия денсаулыққа пайдалы. Өзіме де осында келген ұнайды.

Шара жыл сайын ұйымдастырылып тұрады, биылға бұл – екіншісі. Жалпы, иппотерапиямен 50-ден астам кембағал жан қамтылады.

 

 

Ақтолқын Солтанханқызы