“Ән-көңілдің ажары”. Осындай атаумен концерт ұйымдастырған “Балқадиша” вокалды-фольклорлық халықтық ансамблі 23 жылдығын атап өтті. Әжелеріміз кешті Ақан серінің туындыларымен бастады. Бүгінде ансамбль құрамында 11 әже және бір сүйемелдеуші баяншы бар. Өнер иелері жастарының үлкендігіне қарамастан аптасына бірнеше рет кездесіп, үзбей дайындалып тұрады екен. Осы кешке де аяулы аналарымыз барынша қамданған. Көрермен назарына 10-нан астам туынды ұсынылды.
ПЕНЗАГҮЛ СЕЙДАХМЕТОВА, “Балқадиша” вокалды-фольклорлық халықтық ансамблінің көркемдік жетекшісі:
— Біздің мақсатымыз – халық әндерін жергілікті ақын-күйшілердің туындылары мен сазгерлердің әндерін халыққа нәсихаттау.
Ансамбльдің құрамындағы аналардың 5-еуі ұжым құрылған сәттен бастап еңбек етуде–. Өзгелері қатарға сәл кейін тыңдарман ортасынан қосылған. Осылайша мұндағы әр нәзікжанды ана, аяулы әже ғана болып қоймай халық арасында өнерлерін паш етіп жүр.
СӘУЛЕ ТӘЖИНА, “Балқадиша” вокалды-фольклорлық халықтық ансамблінің мүшесі:
— Мен кезінде осы ансамбльдің тыңдаушысы болатынмын. Кейін 2015 жылы зейнетке шыққан кезімде көркемдік жетекшісі шақырған еді. Бұған дейін мен мектепте кітапхана меңгерушісі болып қызмет еткенмін.
Ансамбльді құттықтауға облыстық филармония ұжымы да келген. Шара соңында өнер иелерінің еңбектері еленіп, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаты табысталды. Зал көрерменге лық толы. Өз жақындары мен сүйікті әншілерін құттықтауға келген жандардың қарасы қалың.
Ақтолқын Солтанханқызы